Мұнайшыларымыз неге шетелге кетіп жатыр: сарапшы басты себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнайдан дайын зат шығаруға ұмтылуымыз керек. Мұндай пікірді Aimaq подкастында мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов білдірді.

Аналитик энергетической отрасли Абзал Нарымбетов
Фото: Абзал Нарымбетовтің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізілгенімен технологияларды дамыту ақсап тұр.

— Әлі күнге дейін негізгі шикізат өндіретін елміз. Мұнайымыздың 70-80 пайызы сыртқа кетеді, 20 пайызын ғана іште өндіреміз. Дамыған елдер мұнайды барынша іште өндіріп, дайын зат сатуға құлшынады. Тырысуымыз керек, соған келе жатырмыз. Меніңше, бәлкім технология жағынан әлі де қадамдар жасау керек шығар, — деді ол.

Ал Energy Monitoring қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Теңіз, Қашаған кен орындарынан мол тәжірибе жинаған отандық білікті мамандардың шетелге кетіп жатқанын айтады. Себебі Қазақстанда жалақыға қатысты шектеу бар.

— Егер белгілі бір салада жалақы ондаған мың доллар болса, мамандардың сол компанияларда жұмыс істеуге ұмтылуы түсінікті. Мысалы, Сауд Арабиясында 20–30 мың, тіпті 50 мың доллар жалақы ұсынса, неге мамандар сонда бармасқа?! — деді ол.

Бұған дейін Теңіз кен орнын игеруге неліктен шетелдіктер тартылғанын жазған едік.