Мұнайшылар ардагерлерге құрмет көрсетті - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның қайырымдылық акциясы болып өтті.
Дәстүр бойынша көктемгі Наурыз мейрамы қарсаңында мұнайшылар компания ардагерлеріне, зейнеткерлеріне, жұмыста жүріп жарақат алған және асыраушысынан айрылған еңбеккерлер отбасыларына азық-түлік пакеттерін табыс етті.Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«ПҚҚР» АҚ өңірдің әлеуметтік саласының дамуына атсалыса отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын қатаң ұстанады. Компания аймақтағы аз қамтылған отбасыларын, мүгедек балалар мен жетімдерді, ардагерлерді, зейнеткерлерді қолдауға бағытталған бастамалар мен акциялардан, бірлескен қайырымдылық істерден тұратын іс-шаралар кешенін жүзеге асырып келеді. Мұнайшыларға атаулы күндерге арнап азық-түлік пакеттерін тарату шарасы жылына екі рет - Наурыз және Жаңа жыл мейрамдарында ұйымдастырылады. Биылғы жылы 140-қа жуық адамға берілген азық-түлік жиынтығына - 25 келіден қант, күріш, ұн, 10 келі макарон өнімдері, 2 келі шай және 5 литр өсімдік майы кіреді. - Нарықта мұнайдың бағасы түскеніне қарамастан, «ПҚҚР» АҚ өзінің ізгі дәстүрінен жаңылмақ емес. Компания облыстың әлеуметтік-экономикалық саласын өркендетуге үлес қоса отырып, барлық қайырымдылық және демеушілік шараларға белсенді түрде қатысады», - дейді «ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасының еңбек ресурстары және әкімшілік жөніндегі орынбасары Суфия Даминова.
«ПетроҚазақстан» спорт кешенінің фойесінде компания ардагерлеріне шай беру рәсімі ұйымдастырылды. Ақсақалдар өздерінің қамқоршы әріптестеріне жасаған көмектері үшін алғыстарын жаудырды. Зейнеткер Ермекбай Шаймаханов «ПҚҚР» АҚ тарапынан берілетін көмекті екінші жыл қатарынан алып отыр: - Біз сияқты зейнеткерлер үшін азық-түлік пакеттері үлкен демеу, - деп ағынан жарылады «ПҚҚР» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Барлыбай Биманов. - Барша ардагерлердің атынан компания басшылығына осыншалықты қамқорлықтары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
«ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Хұсайын Сәрсембаевтың айтуынша, Ұлыстың ұлы күні- Наурыз мерекесін тойлау аясында аз қамтылған отбасыларының 350 баласына қайырымдылық ертеңгілік ұйымдастырылмақ.