Мұнайшылар Атырау және Маңғыстау облыстарының соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне сый-сияпат жасады (ФОТО)
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» Атырау және Маңғыстау облыстарының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне консорциум тарапынан әлеуметтік қолдау көрсететін шаралар топтамасын ұйымдастырды.
«Біз қымбатты ардагерлерімізге ерліктері үшін алғыс білдіреміз, соғыс кезінде қаза тапқан миллиондаған адамдардың алдында басымызды иеміз. Біз фашизмді талқандап, үйлеріне жеңімпаз болып оралған жауынгерлеріміздің ерлік істерін мәңгі жадымызда сақтаймыз», - деді Атырау қаласындағы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтаған НКОК басқарушы директоры Стефан де Майё.
Стефан де Майё Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне әрқайсысы 70 мың теңгені құрайтын 54 азық-түлік купоны мен «Атырау» шипажайына 60 жолдаманы табыстады.
НКОК өкілдері Атырау облысының Мақат және Доссор кенттеріне барып, ондағы соғыс ардагерлері мен олардың осы ауданда тұратын туыстарына - Харьков түбінде соғысқан Есбол Рысқалиұлы Оңайбаевқа және Ұлы Отан соғысының орденімен, Украина, Беларусь және Балтық маңындағы шайқастарда танытқан ерлігі үшін 7 әскери медальмен марапатталған Мұхтар Ерғазиевтің жесіріне купондар табыстады. Есбол Рысқалиұлы Оңайбаев - Мақат ауданында Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өтетін тірі қалған жалғыз ардагер.
Осындай шаралар Ақтау қаласында да өтті, онда консорциум ардагерлерге 45 азық-түлік купондары мен «Шағала» шипажайына 50 жолдаманы табыстады.