«Мұндай нәрсемен әзілдемейді»: прокурор Әділет Зейнелдің реакциясын сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта жәбірленуші Әділет Зейнел жұбайының ауруханаға түскені туралы алғашқы хабарды қалай естігенін айтып берді. Ол әріптесінің қоңырауын бастапқыда неліктен әзіл деп қабылдағанын да түсіндірді.
— Сіз әріптестеріңіз алғаш рет қоңырау шалып, жұбайыңызға ұқсайтын адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Сонда сіз: «Телефонды қоя салдым, өйткені бұл әзіл шығар деп ойладым» дедіңіз. Айтыңызшы, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Оның үстіне жұбайыңыздың шақыртуға бара жатқанын және бір жерде бір нәрсенің құлағанын айтқанын білдіңіз, — деп сұрақ қойды прокурор Саяжан Серікова.
Өз жауабында Әділет Зейнел ненің құлағанын нақты айтпағанын түсіндірді.
— Әрине, мұндай нәрсемен әзілдемейді. Бірақ кімнің қоңырау шалғанын білмедім, ол менің досым немесе танысым емес еді. Сондықтан хабарды бірден шынайы қабылдамадым. Ал шамамен бес минуттан кейін, нақтырақ айтсам, үш минуттан соң туған анам қоңырау шалғанда, сол кезде ғана әйелімнің шынымен қабылдау бөлімінде жатқанын түсіндім, — деп жауап берді жәбірленуші.
Прокурор: Жақсы, осы қоңыраудан кейін жұбайыңызға өзіңіз хабарласып көруге тырыстыңыз ба?
Ә. Зейнел: Мен бірден төмен түстім. Баспалдақпен түсіп келе жатқанда қоңырау шалған жоқпын, өйткені ұялы телефонымды бөлімде қалдырдым. Уақытым болмады. Сол кезде отадан кейін құралдарды жинап жатқанмын. Бәрін тастап, бірден төмен түстім.
Прокурор: Ал анаңыз сізге қай кезде қоңырау шалды?
Ә. Зейнел: Құралдарды жинап жатқан кезде.
Прокурор: Бірақ телефоныңызды бөлімде қалдырдыңыз ғой.
Ә. Зейнел: Бөлім дегенім — құралдарды жинайтын бөлме. Сол бөлімде…
Прокурор: Яғни, телефон өзіңізбен бірге болды ғой?
Ә. Зейнел: Телефон құралдарды жинайтын бөлмеде өзіммен бірге болды. Бірақ баспалдақпен төмен түсе бастағанда, оны сол жерде қалдырдым.
Прокурор: Анаңыз қоңырау шалғанша жұбайыңызға өзіңіз хабарласуға тырыспадыңыз ба?
Ә. Зейнел: Жоқ. Қабылдау бөліміне түскеннен кейін қоңырау шалуға тырыстым. WhatsApp арқылы жазған сияқтымын немесе қоңырау шалған шығармын, нақты есімде жоқ. Бірақ жауап болмады, телефонды көтермеді. Содан кейін қабылдау бөлімінде жақын туысы болғаным үшін алғашқы бес минутта мені ішке кіргізбеді. Сонда жедел жәрдемде жұмыс істейтін достарыма қоңырау шала бастадым. Ұлданамен бір топта оқығанбыз. Сол жерде жұмыс істейтін достарыма қоңырау шала бастадым. Олар болған жағдайдың бәрін растады.
Бұған дейін Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берген еді.
Сондай-ақ Ә. Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірді.