Мұрагерлік құқық қайта қаралуы мүмкін


АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексінде мұрагерлік құқық нормаларын жетілдіру көзделіп отыр. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

наследство
Фото: Kazinform / ИИ

– Конституцияда меншік және мұрагерлік құқығын бекіттік. Дегенмен қолданыстағы Азаматтық кодексте мұраның мемлекет меншігіне өтуіне немесе мемлекеттің мұрагерлік қатынастарға қатысуына қатысты мәселелер толық қамтылмаған. Мәселен, адам дүниеден өтті делік, бірақ оның мұрагері жоқ. Мұндай жағдайда мұраның жеке меншіктен мемлекет меншігіне өтуіне байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды жетілдіру қажет. Біз осы мәселені де талқылап жатырмыз, - деді министр Құрылтайда өткен жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысынан кейін.

Бұған дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында шарттық қатынастарды реттеу тәртібін қайта қарау және тұтынушыларды шарттың әділетсіз талаптарынан қорғауды күшейту жоспарланып отырғаны хабарланды. 

Сондай-ақ алдағы реформа аясында адамның қадір-қасиетін, жеке өмірі мен дербес деректерін қорғауға айрықша көңіл бөлінбек.

Айта кетейік, сонымен қоса бұған дейін жаңа Азаматтық кодексте құқықтық жауаптылық тетіктерін жетілдіру ұсынылғаны хабарланған еді.