Мұрат Кеңтонов «Қазақстан Барысының» финалына қатыспайтын болды
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Астанада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан қазақ күресінен Елбасы жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінің финалына астаналық балуан Мұрат Кеңтонов қатыспайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, турнирдің ақтық бәсекесіне жолдама алған Мұрат Кеңтонов жаттығу барысында жарақат алған. Сол себепті финалға қатыспайды.
Астананың намысын Кеңтоновтың орнына биылғы Қазақстан чемпионатында «Түйе балуан» атағын жеңіп алған Айбат Сейтен қорғайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Айбат Астана қаласының іріктеу турнирінде жүлделі үшінші орынды жеңіп алған болатын.
«Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық белдесулері Астанадағы «Барыс Арена» стадионында 2 шілде күні өтеді. Ұйымдастырушылар жарыстың жүлде қоры былтырғыдан кем болмайтынын айтуда. Айта кетейік, тамыз айында «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтетіні жоспарлануда.
2017 жылғы «Қазақстан барысына» қатысатын балуандардың тізімін бұған дейін жариялаған болатынбыз.