Мұрат Мөңкеұлының мәңгілік мұралары жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұрат Мөңкеұлының шығармалары (өлең­­дер, жырлар, толғаулар мен термелер, айтыстар, зерттеулер) «Ана тілі» баспасы­нан жаңадан қомақты кітап болып жарық көрді. Құрастырған және алғы сөзін жаз­ған - ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, фи­ло­логия ғылымдарының докторы, про­фес­сор Бауыржан Омаров.

Мұрат Мөңкеұлының мәңгілік мұралары жарық көрді

Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында «Мөңкеұлының мәңгілік мұрасы» деген тақырыпта жариялаған.

Қазақ әдебиетінде шығармалары қайшылыққа толы «зар заман ақындары» саналған үш айтулы тұлға бар: Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы.

Бұл үшеуі өмір сүрген кезең орыс патшасының отаршылдық саясатының ең асқынған, дәуірлеген тұсы; қазақ жерінің бөлшектеніп, талауға түскен шағы. Сондықтан да аталған үш ақын халықтың басына төнген қайғы-қасіретті торығу сарынымен жырлаған. Олардың кеңестік заманда аттары аталынғаны болмаса, шығармаларының орта мектепте оқытылмай келгені де сондықтан.

«Бұл жинаққа қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, арқалы ақын, жыр дүлдүлі Мұрат Мөңкеұлының осы уақытқа дейін жарияланған және кейіннен қолға тиген шығармалары топтастырылды. Ақынның өмірбаяны, әдеби мұрасы, өлең-толғау­ларының шығу, жиналу және жариялану тарихы жөнінде ғылыми түсініктемелер ұсынылды» делінген кітаптың алғысөзінде.

Халқына қиналғанда қорған, сүрінген­де сүйеу болған күрескер ақын Мұрат Мөң­кеұлы 1843 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. 1906 жылы қазіргі Индер ауданының Өрлік ауылында 63 жасында қайтыс болған. Бейіті сол Индер ауданын­да. Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрі­мовтердің баспаханасында төте жазумен басылған. («Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталатын, небәрі 24 беттен тұратын бұл кітаптың факсимеле-көшірмесімен жаңа жинақта таныса аласыз). Бұдан соң 1924 жылы профессор Халел Досмұхамедұлы ақынның шығар­маларын топтап, «Мұрат ақынның сөз­дері» деген атпен Ташкентте кітап етіп бас­тырып шығарады (бұл кітапқа жазған Халелдің алғы сөзін де жаңа жинақтан көре аласыз).

Мұрат тек қана ақиық ақын емес, хал­қымыздың ардақты ұлы Махамбет Өтеміс­ұлының өлеңдерін жұртына шашау шы­ғар­май жеткізуші, мұратанушы, шешен тілді шежіреші де болған. Өкінішке қарай, бізге жеткен ақын мұрасы оның таңды таң­ға ұластырып айтқан ағыл-тегіл жыр­ларының бір бөлігі ғана. «Қырымның қы­рық батырын» қырық күн талмай жыр­лайтын атақты Мұрын жырау - осы Мұрат Мөңкеұлының алдын көрген, тікелей жыр үйренген төл шәкірті.

Академик Зейнолла Қабдоловтың же­текшілігімен Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасынан 1993 жылы - кандидаттық, 2001 жылы докторлық диссертация қор­ғаған, сонымен қатар әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектерінде ақын­ның өлең-жырларын нақты нысана­сына айналдырған Бауыржан Омаровтың Мұрат ақын мұрасын барынша толымды етіп құрастырғаны аңғарылады. Атырау мен Маңғыстау аймағын талай рет шар­лаған сапарында біршама тың деректерге кезіккен ол әдебиеттанушы-ғалым Аман­тай Шәріп екеуі АҚШ-тың Оклахома мем­лекеттік университетінің кітапхана­сынан қазақ поэзиясының озық үлгілері талданған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірме­сін алып келген. Қолжазбалар қоры мен мұрағаттарды қайта сүзіп, бірқатар қосым­ша мәліметтерді айналымға қосқан. Со­ның нәтижесінде, бізге жеткен Мұрат мұрасы оқырман қолына тұщымды еңбек болып қайыра тиіп отыр. Аталмыш жи­нақта, сондай-ақ Мұрат ақынның бірнеше өлеңінің орысша аудармасы да берілген. Қысқасы, жаңа жинақтан қазақ әдебие­тінде айрықша орны бар, ғұмыры күрес пен қайшылыққа толы тұлғаның күрделі тағдыры мен мәңгілік мұрасы турасында толық қаныға аласыз.