Мұрат Нәкенов СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысы болып тағайындалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен әділет полковнигі Мұрат Нәкенов тағайындалды.
Ведомство ұжымына жаңа басшыны Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Абай Қайырбеков таныстырды.
Мұрат Нәкенов 1974 жылы Көкшетау облысы бұрынғы Қызылту ауылында дүниеге келген.
1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, ал 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының заң институтын бітірген. Экономист-өндірісті ұйымдастырушы және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1997 жылы СҚО қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы бөлім бастығының кезекші көмекшісі қызметінен бастады. Сондай-ақ әр жылдары күзет бөлімі бастығының кезекші көмекшісі, колония бастығының жалпы мәселелер, тәрбие жұмысы, режим және күзет жөніндегі орынбасары, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерінің бастығы, департамент бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Соңғы атқарған қызметі – Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары.
Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы болып Ержан Қарымсақовтың тағайындалғанын жазған едік.