Мұрат Нұртілеу: Қазақстан үшін Люксембургпен әріптестікті дамыту – сыртқы саясаттағы басымдықтың бірі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан үшін Люксембургпен достық пен өзара сенімге негізделген әріптестікті дамыту – сыртқы саясатымыздың еуропалық бағыттағы маңызды басымдықтарының бірі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа ғана Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрі Жан Ассельборн мырзамен екіжақты келіссөздер өткіздік. Кездесу қорытындысы бойынша өзара мүдделік танытатын барлық өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, қазақ-люксембург қарым-қатынастарынын бекіте түсуге бағытталған уағдаластықтарға қол жеткіздік деп айтуға болады. Бұл министр Ассельборнның Қазақстанға тұңғыш ресми сапары. Сондықтан әріптесіме және оның делегациясына Астанаға тағы да қош келдіңіздер дей келе, шақыруымды қабыл алғаны үшін алғыс білдіремін», - деді министр люксембургтік әріптесімен келіссөздерден кейінгі брифингіде.

Оның атап өтуінше, бүгінгі сапардың өзіндік символдық мағынасы бар. 31 жыл бұрын 29 маусымда екі ел арасында алғаш рет дипломатиялық қатынастар орнатылған болатын.
«Сол кезден бері тараптарымыз екіжақты саяси, экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды нығайтып көптеген белестерді бірлесе еңсеріп келеді. Осы ретте, Қазақстан үшін Люксембургпен достық пен өзара сенімге негізделген әріптестікті дамыту – сыртқы саясатымыздың еуропалық бағыттағы маңызды басымдықтарының бірі екенін мәлімдегім келеді. Жалпы, біз саяси салада диалогты мазмұндық және ұзақ мерзімді приоритеттер тұрғысынан әрі қарай өрбітуге үлкен мән береміз. Сондықтан, биік және жоғары деңгейдегі байланыстарға тұрақты сипат беруге, сондай-ақ сауда-саттық пен мәдени-гуманитарлық алыс-берісіміздің ауқымын кеңейтуге мүдделіміз», - Мұрат Нұртілеуұлы.

Министр мемлекет, Парламент, Үкімет басшылықтарының сапарларымен алмасуға, көпжақты іс-шаралар аясында кездесулерді жүйелі түрде өткізуге сөз байласқанын атап өтті.
«Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасуды жалғастыру және жаңа бағыттар ашу мақсатында келесі жылы Астанада Сыртқы істер министрліктері арасында консультациялардың кезекті раундын өткізуге дайынбыз. Қазақстан мен Люксембург халықаралық қауымдастықта өзіндік ерекше орны бар көптеген бастамаларды жүзеге асырған аймақтық көшбасшы елдер.

Біздің ел сияқты, Люксембург те БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған. Қазір біз БҰҰ Адам құқықтары кеңесінде қоян-қолтық жұмыс істеп жүрміз. Ең бастысы, өңірлік және көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз да ұқсас. Бастамаларымызға өзара қолдау көрсетіп келеміз. Қазақстан мен Люксембург халықаралық құқық принциптерін басшылыққа алып, БҰҰ Жарғысына сәйкес территориялық тұтастық пен егемендікті, ішкі істерге араласпау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, тату көршілік пен ынтымақтастық қатынастарын толық қолдайды. Халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде, Орталық Азия, Ауғанстан және аймақтық интеграциялық үдерістері бойынша пікір алмастық», - деді ол.
