Мұрат Нұртілеу Нью-Йоркте бірқатар іс-шараға төрағалық етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас ассамблеясы 78-сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 2023 жылғы 17-22 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йорк қаласындағы 78-сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады. Қазақстан СІМ басшысының БҰҰ желісі бойынша көпжақты іс-шараларға қатысуы, сондай-ақ Америка, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Өркениеттер альянсының Бас хатшыларымен екіжақты кездесулер жоспарланған. Оған қоса, БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуі өтеді», - деді ол ведомствода өткен брифингіде.
Сонымен қатар, оның атап өтуінше, 20 қыркүйекте Нью-Йоркте Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы ұйымдастырылады. Күн тәртібіне Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамыту перспективалары, оның әлеуетін жетілдіру, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар тұрғысынан аталған ұйымның БҰҰ-мен өзара іс-қимылын тереңдету мәселелері кіреді. Аталған іс-шара Мемлекет басшысының ШЫҰ тетіктері мен органдарының қызметін реформалау жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша пікір алмасу мақсатында өткізіледі.
«21 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының аясында Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді. Іс-шараға АӨСШК мүше мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысып, 6-шы Саммиттің шешімдерін іске асыру мәселелері мен Азия кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарды талқылайды. Кездесу қорытындысы бойынша Азия кеңесін трансформациялау туралы Жол картасы және Сыртқы істер министрлері кеңесінің тұрақты даму мақсатында волонтерлікті ілгерілету туралы мәлімдемесінің қабылдануы жоспарланған»,- деді ресми өкіл.
Мұнан бөлек, 22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының алаңында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді.
«Отырысқа Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады. Қатысушылар 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне дайындық, БҰҰ Бас ассамблеясында Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушы мәртебесін алу, сондай-ақ ұйым аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басқа да мәселелерін талқылайды», - деді Айбек Смадияров.