"Мұражайлардағы айлық" жобасының бірінші кезеңінің аяқталуына арналған салтанатты кеш өтеді
АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда 25 қаңтар күні British Council кеңсесінде "Мұражайлардағы айлық" жобасының бірінші кезеңінің аяқталуына арналған салтанатты кеш өтеді. Шарада жоба қорытындылары мен әрі қарайғы жүзеге асырылатын жоспарлар таныстырылады.
Кешке жобаға қатысушы мұражай қызметкерлері, білім беру мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Естеріңізге сала кетсек, жоба 2010 жылдың мамыр айында басталған болатын. Оның басты мақсаты - мұражай үшін жолсеріктер мен кітапшаларды ағылшын тіліне аудару болып табылады. Жобаның бірінші кезеңіне 18 мұражай қатысқан. Енді жобаға қатысушылардың барлығы British Council қаржыландыруымен халықаралық стандарттарға сай, ағылшын тілінде басылып шыққан жолсеріктер мен кітапшалардың тегін 1000 данасына ие болады. Сонымен қатар жоба қорытындысында Қазақстан мұражайларына да халықаралық стандарттарға сай жасалған кітапшалар және олардың электрондық нұсқасы табысталатын болады.
Жобаны іске асыру барысында орысша үйреніп жүрген британдық студенттер және ағылшынша үйреніп жүрген қазақстандық студенттер Қазақстан мұражайларында тәжірибеден өтті. Онда олар мұражай кураторы жетекшілігімен мұражай көрермендері үшін экспонаттар кестелерін орысшадан ағылшын тіліне аударумен айналысты.
Аталмыш шараның ұйымдастырушылары British Council халықаралық ұйымы, «Бұл жоба Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихи мұрасын насихаттауға, сондай-ақ, алға жылжуына ықпал етпек, ал жоба аясында жасалынған жолсеріктер мен кітапшалар Азиада кезінде ағылшын тілді қонақтар үшін табылмас көмек болмақ»,- дейді.