Мурка - қылмыс әлемінің көшбасшысы болған

АСТАНА. ҚазАқпарат   - «КТК» телеарнасынан көрсетілген деректі фильмде куәгерлер (Мұхаметқали Оспанов, Ермек Шаяхметов, Баймұрат Сақтағанов, Сергей Непропекин) Мұратхан Тоқмадидың алаяқтық жасау, адамдарға қоқан-лоқы көрсету, рэкеттік, рейдерлік жолмен басқа біреулердің бизнесін тартып алып, байығаны туралы жасырмай айтты.
None
None

Мысалы, М.Тоқмадидың күзетшілерін дайындаған Мұхаметқали Оспанов бір күнде екі-үш жерге «разборкаға» баратындарын әңгімеледі. Ол кейінірек Мұратханмен ат құйрығын үзгеніне шүкірлік етеді.

Ермек Шаяхметов - қарапайым жүргізуші. 8 жылға жазықсыз сотталып, түрмеге отырып шыққан Ермек өзін соттағандарға Мұратханның тапсырыс бергенін ашық айтты. Ал алып базаның бұрынғы қожайыны Баймұрат Сақтағановқа М.Тоқмади: «Егер өзіңнің, отбасыңның амандығын ойласаң, құжатқа тез қолыңды қой!» деп қоқан-лоқы жасаған. Б.Сақтағанов базасын қорыққанынан Мұратханға беруге мәжбүр болады. М.Тоқмади бұл жерден «ҚазСтройСтекло» атты еліміздегі үлкен шыны шығаратын зауыт ашады.

Алайда, бұл зауытқа  Мұратханның досы - Сергей Непропекин 1 млн. АҚШ долларынан астам қаржысын салады. Зауыт аяғынан тік тұрған соң, ол бар үлесінен қағылып, жер сипап қалады.

Мұратхан Тоқмадидың туыстары бар шындықты жайып салды

Атап айтқанда, Мұратханның жиені - Бекен Иманқалиев өз туыс ағасының қылмыс әлемімен байланыстары туралы ашық айтты. Ол Мұратханның «Рахат», «Ялян» базарында билік жүргізіп, саудагерлерден «алым» жинағанын жасырмады. Кезінде Мұратхан Тоқмади қытай азаматын да «есептегішке» отырғызуға әрекет жасайды. Тек дипломатиялық күштердің араласуы нәтижесінде жанжал ушыққан жоқ. Өзінің туыс ағасы орға итерген соң, Бекен Иманқалиев бар шындықты жайып салды.

Деректі фильмде көрсетілген ауладан табылған тапаншаны Бекен Мұратханның тапсырмасы бойынша жасырған. Алайда Мұратхан қамауға алынғаннан кейін бар кінәні өзінің жиеніне арта салған.

Атап айтарлығы, Мұратханның әйелі - Жәмила Айымбетова-Тоқмади күйеуі ұсталған соң шетелге қашып, әлеуметтік желілер арқылы: «Менің күйеуіме жазықсыз жала жабылды. Уақытша абақтыда қысым көрсетіп жатыр» деп шулатпақ болғаны белгілі. Алайда Мұратханмен апта сайын кездесіп, хал-жағдайын біліп жүрген апасы - Үміт Тоқмади Жәмиланың өтірік «айқайын» әшкерелеп берді.

Үміт Тоқмади былай деді: «Мұратханға ешқандай қысым жасалған жоқ. Онымен апта сайын кездесеміз. Барлық іс-шаралар заң шеңберінде өтіп жатыр. Мұратханның қалы жаман емес». Ал өзінің қылмысы үшін өкініп, бар кінәсін мойнына алған Мұратханның өзі: «Менің әйелімді біреулер әдейі адастырып отыр» деп мәлімдеді.

Мұратхан Тоқмади толықтай өз кінәсін мойындады

Мұратхан Тоқмадимен бір камерада отырған адамдар (Дәулет пен Сергей) оған ешқандай қысым жасалмағанын, психотроптық заттармен уланбағанын әңгімелеп берді. Ең бастысы, Мұратханның өзі барлық кінәсін, қылмысын толықтай мойындады. Ол тергеу органдарымен мәмілеге келіп, сотта процессуалдық келісім жасауға өзі өтініш айтты. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісінің осыдан 13 жыл бұрынғы қанды қылмысқа қатыстылығы әлі тергелуде. Сонымен қатар, М.Тоқмадидың қашқын банкир Мұхтар Әблязовпен қарым-қатынасы да тергеу толық аяқталған соң белгілі болады.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар