Мурманскіде белгісіз адам тұрғын үйдің шатырынан оқ жаудырды
АСТАНА. KAZINFORM - Оқиға Мурманск қаласындағы Кольский даңғылында болды. Бұл туралы BBC News хабарлады.
Белгісіз адам тұрғын үйдің шатырынан оқ атқанын Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис хабарлады.
— Құқық қорғау органдары жұмыс істеуде. Осы ауданда тұратын немесе жүрген барлық адамдардан сабыр сақтауды және қауіпсіздік шараларын ұстануды сұраймыз: жарықты өшіріп, терезелерден аулақ болыңыз және «қызықты» видео үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз, — деп жазды Чибис Telegram-арнасында.
Жергілікті «Мурманск сейчас» Telegram-арнасының хабарлауынша, оқ ату Кольский даңғылы, 10 мекенжайындағы жатақхананың шатырынан жүргізіліп, бір жарым сағаттан бері жалғасып жатыр.
Полиция әзірге күдіктіге жете алмай отыр: басылымның жазуынша, шатырға тек бір люк арқылы шығуға болады, бұл құқық қорғау қызметкерлеріне қиындық тудырып отыр.
Оқиға орнындағы куәгерлердің айтуынша, жараланған адамдар бар.
Ресми органдар жараланғандар туралы ақпарат таратқан жоқ.