«Мұртты тәрбиешіге сенім күшейіп келеді» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген мәлімдемеде: «Қазіргі кезге жаппай тәртіпсіздіктердің 6 ұйымдастырушысы - Сақтағанов, Жарылғасинов, Ирмуханов, Досмағамбетов, Уткилов және Төлетаева анықталып, оларға Қылмыстық кодекстің 241-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылып, қамауға алынды. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздіктердің 23 белсенді қатысушысы және бүліншілік пен тонаушылық жасаған 11 адам анықталып, қамауға алынған. Олардың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанын және қатысқандарын растады», делінген. Сонымен қатар онда бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны баяндалған.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-та жастар арасында өткізілген «Инновациялық Қазақстан» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Инновациялық Қазақстан» конкурсы 2011 жылдың қыркүйегінде жарияланып, ол еліміздің 150 жоғары оқу орындарын қамтыған болатын. Конкурс комиссиясына байқауға қатысуға 2 313 өтініш келіп түсіпті. Конкурс финалына жүзден жүйрік шыққан 21 жас ғалым өтті. Оларға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тан бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Технологиялық серпін» аталымында бас жүлде астаналық Айша Ысқақоваға бұйырса, «Әлеуметтік идея» аталымында 23 жасар қарағандылық Мария Бурова жеңімпаз атанды. Екі аталым бойынша бас жүлдеге ие болған жас жаңашылдарды қор басшысы Өмірзақ Шөкеев 5 млн. теңге көлеміндегі білім гранттарымен марапаттады.
Ө.Шөкеевтің айтуынша, «Инновациялық Қазақстан» конкурсының финалына өткен 21 жас өрен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың кадрлық резервіне тіркеледі және олар қор тобындағы компанияларда қызметке тұра алады.
***
«Қызық, заман өте қазір қыздар «өзі үшін» бала туып, әкесіз баласын ер кіндікті күтушіге бақтыратын болып жүр. Батыстық қоғам жайлы айтып тұр деп ойламаңыз, бұл біздің қазекеме де келген», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Мұртты тәрбиешіге сенім күшейіп келеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым келтірген бейресми статистикаға сәйкес «мұртты күтушілердің» 50 пайыздан астамының өз жұмыс берушісімен «қызметтік хикаяда» екендігін көрсетеді. Еркек күтуші айына жоқ дегенде 1000-1500 долларды ойланбай табады екен. Ал сағаттық жалдамада тіпті олардың әр сағаты 15-20 доллар тұрса, дәл сондай бала бағатын қыз-келіншектерге 7-10 доллар төленеді. Бұрын орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған, балаға әке тәрбиесі жетіспейтінін айтатын жігіт ағасы бүгінде табысты бала күтушіге айналған. «Мұртты тәрбиешілер» неге бел алып барады, әйел күтушілерден артықшылығы неде? Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
Автотрассаларда орын алған жол апаттарынан көз жұмғандар саны жыл санап артып барады. Шұқыр-тесігі көп, қауіптілігі жағынан бірінен-бірі басып озатын трассалар көп. Мамандар жуырда ғана еліміз бойынша ең қауіпті жолдардың рейтингісін жасап шығарған болатын. Жағдай жаға ұстатарлықтай. 2011 жылдың көрсеткіші бойынша Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының республикалық және халықаралық маңызы бар жолдары ең қауіпті жолдар деп танылды. Бір ғана Алматы облысының жолдарында бір жылда 634 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 310 адам мерт болған және 717 кісі түрлі дене жарақатын алып, зардап шеккен. Кейбір зираттардың үстін басып өтетін жолдарда қайғылы оқиғалар жиі болады. Бұл туралы егжей-тегжейлі «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Қара жолдың бойы қабірстанға айналып барады» деген мақаладан толық оқисыздар.
***
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде көліктерді техникалық бақылаудан өткізу жекеменшік компаниялардың қолына көшкені белгілі. Сөйтіп, қазіргі уақытта еліміз бойынша - 50, ал Алматы қаласында бес арнайы мамандандырылған техникалық бақылау орталықтары іске кірісіп кетті. Көліктерді техникалық бақылаудан өткізудің жаңа жүйесінің артықшылығы бар ма, болса қандай? Міне осы жайтты айқындау үшін «Айқын» газеті оңтүстік астанада ашылған көлікті техникалық бақылаудан өткізу стансасында болып, жаңа жүйенің қалай жұмыс жасап жатқандығының куәсі болып қайтыпты. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Қауіпсіздік тексеруден басталады» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Ә.Исекешев Президентті 2010-2011 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың қорытындылары туралы, сондай-ақ 2012 жылға арналған міндеттер туралы хабардар етті. «Мен Мемлекет басшысына осы кезеңдерге арналған негізгі бағыттар бойынша - өнімділікті арттыру, энергия тиімділігі, инвестиция тарту, салалық бағдарлама мен металлургия, химия, машина жасау, геология, минералдық-шикізаттық кешенді дамыту, тау-кен байыту өнеркәсібі, туризм салаларындағы жобаларды іске асыру және мемлекеттік қолдау шарасы ҮИНДБ бойынша іс-шаралар жоспары іске асырыла бастағаны туралы баяндадым», - деді Ә.Исекешев.