Мусин өзінің Бас прокуратурадағы тағайындауына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ-ның бұрынғы басшысы Бағдат Мусин өзінің ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалуына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сенімі үшін Мемлекет басшысының алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар Бас прокурорға осынау жоғары позицияға менің кандидатурамды ұсыну жауапкершілігін алғаны үшін де ризамын. Барлық жауапкершікті түсінемін және мен үшін жаңа құрылымға барынша пайдамды тигізуге тырысамын. Еліміздің қадағалаушы органының комитет алдына қойған міндеттері зор және бұл міндеттер күрделі шешімдердің негізі де. Өзіңнің барлық күш-қуатыңды жұмсауға дайын қызықты да, шабыттандыратын жобалардың болуының өзі бақыт емес пе? Көп күш жұмсаған компанияны да тастап кету аз да болса өкінішті. Бірақ бұл саналы түрдегі қадам», - деп жазды Бағдат Мусин Фейсбуктегі парақшасына.
Сонымен қатар ол Қазпоштағы әріптестерінен де көптеген тәлім-тәрбие алғандығын атап өткен.
«Кешеден бері әлеуметтік желіде көптеген пікір оқудамын және бұл ретте компаниядағы оң өзгерістердің бір адамның ғана қызметі еместігін атап өткім келеді. ХҚКО-ларда да, Қазпоштада да кәсіби мамандардың үлкен командасы жұмыс істеді. Олармен бірге еңбектену бақыты маған да бұйырды. Мен олардың алға қойған мақсаттарға қол жеткізудегі шыдамдылықтары, түсіністіктері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, 25 қаңтарда Мемлекет басшысының Өкімімен Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.