Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда украин, грузин, әзірбайжан, осетин және тағы басқа халықтардың саяси қайраткерлерімен жазысқан хаттарының түпнұсқасы табылды - Д. Қасейінов

Бұл жайында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов М.Шоқайдың құжаттарын Орталық мемлекеттік мұрағатқа тапсыру рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Д. Қасейінов сонымен қатар 188 бетті құрайтын 84 хатпен аталмыш қоғам қайраткерінің 6 төл мақаласының түпнұсқасы бар екенін жеткізді. «Сондай-ақ, эмиграцияда басқа да авторлар жазған 3 мақала, 1 роман және Мұстафаның Түркістан ұлттық орталығы атынан 1940 жылы Ыстамбұлда берілген өкілеттік куәлігі мен бір қатар құжаттар бар. Ең маңыздысы - бұлардың бәрі түпнұсқа құжаттар және көпшілігі бұрын белгісіз болып келген мұралар», дейді Бас хатшы.
Сонымен қатар ол 80 жыл бұрын жазылған Мұстафаның хаттарынан оның білімінің жоғары дәрежеде екендігін, салихалы әрі мәдениетті адам болғанын және елінің болашағы, ұлтымыздың бостандығы үшін қандай күш- қайрат жұмсағанын аңғаруға болатындығын жеткізді.