Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасын көпшілік назарына алып шығу халқымыздың отансүйгіштік санасын шарықтатады-Алматыдағы конференция
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми конференция барысында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова айтты.
Оның айтуынша, Мұстафа Шоқай Қазақстанның тәуелсіз гүлденген мемлекет болып, әлемдік қауымдастықта өз орнын алатынына ешбір күмәнданған емес. «Оның қайраткерлік бар күш-жігері Қазақстан, Кавказ және Орта Азия халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске жұмсалды. Оның бірқатар Еуропа қалаларында (Париж, Лондон, Берлин, Варшава, Женева және т.б) жұртшылық алдында сөйлеген көптеген сөздерінде, сонымен қатар, еуропа және шығыс тілдерінде -орыс, ағылшын, француз, поляк, шағатай тілдерінде жарияланған еңбектерінде әлемдік қауымдастыққа қазақ халқының қысымшыл-тоталитарлық жүйеге қарсы тәуелсіздік үшін күресінің заңды да әділетті сипатын жеткізіп отырды. Ол орталықазиялық аймақтың тарихы мен мәдениетін зерттеуге баға жетпес үлес қосып, болашақ тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілеп кетті»,-деп атап өтті конференция барысында Меруерт Әбусейітова.
Оның пікірінше, Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасын көпшілік назарына алып шығу халқымыздың отансүйгіштік санасын шарықтатып, біртұтас қазақстандық қоғамның қалыптасуына септігін тигізбек.
Конференция қатысушыларының айтуынша тұңғыш рет өткізіліп отырған конференция және басқосу барысындағы көтерілетін мәселелер тың зерттеулерге түрткі болып, ХХ ғасырдың басындағы түркі-мұсылман халықтары тарихының күрделі мәселелерінің күрмеуін шешуде өзіндік орын алуына ықпал етпек.
Мұстафа Шоқай (1890-1991жж.)- өз заманының көрнекті мемлекет қайраткері, «Алаш» қозғалысының беделді қолбасшыларының бірі, тарихшы-ғалым, публицист.