Мұсылман жігіті жылдың ең жас көсемі деген атаққа ие болды

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Австралияда тұратын арғы тегі кашмирлік мұсылман осы елдің «ең жас көсемі» деп танылып, 2014 жылы Сиднейдегі университет жанынан ашылған бизнес-мектептің шәкіртақысын алатын болды. Бұл туралы muslim.kz сайты хабарлап отыр.

Мұсылман жігіті жылдың ең жас көсемі деген атаққа ие болды

«Бұл - мен үшін үлкен мақтаныш. Мен бұл сыйлығымды жансарайымның төрінен орын алған туған жерім Кашмирге тарту етемін»,- дейді 34 жастағы данышпан Омар Хан Kashmir Reader ақпарат көзіне берген сұхбатында.

«Мен жиырма жылдай Австралияда тұрсам да Кашмирді бір сәтке де ұмытқан емеспін»,- деді ол сөзін сабақтап.

Оған 60 000 доллар мөлшеріндегі шәкіртақыны AustralianFinancialReview (AFR) тиесілі BOSS журналы мен Сидней университетінің бизнес мектебі тапсыратын болды.

Бұған қоса, Омар Хан BOSS жас көсемдерінің бағдарламасына мүше болып, басшылық қызметке баулитын «Көсемдер ланчесі» деп аталатын ең беделді әрі белгілі шараға қатысуға мүмкіндік алды.

Кашмирлік мұсылман Австралияға 12 жасында келіп, өмірде жетістікке жету үшін көп күш-жігерін жұмсады. Оның екі университетті бітіргендігін айғақтайтын екі бірдей дипломы бар. Қазіргі уақытта ислами инвестициялық CrescentWealth фирмасында стратегия және даму жөніндегі директор болып қызмет атқарады.

Көсемдік қасиетімен топ жарып шыққандарға жүлде тапсыратын әділқазылар алқасының мүшесі, профессор Ричард Холл айтқандай, мұндай шәкіртақы өз саласының білгірлері мен алға ұмтылатын алғыр да зерек тұлғаларға беріледі.