«Мұсылмандардың пәктігі» фильмінің авторларының бірі ізін суытты

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Атышулы «Мұсылмандардың пәктігі» фильмінің авторларының бірі полицияда түсінік бергеннен кейін белгісіз бағытта ізін суытты, деп хабарлады Утро.ру. 

«Мұсылмандардың пәктігі» фильмінің авторларының бірі ізін суытты

«Ол жоғалып кетті. Біз оның қайда екенін білмейміз. Ол үйіне қайтып оралмайтынын айтты», - деп жазды The Associated Press агенттігі полиция өкілі Стив Уитмирдің сөзіне сілтеме жасап.

Негізінде 55 жастағы Накуладан түсінік алу атышулы картинаға қатысы жоқ еді. Полицейлерді оның мерзімінен бұрын босау шарттарын бұзған-бұзбағандығы қызықтырған. Ол полицияға бетін барынша тұмшалап келген -  үстінде пальто, құлағының ұшына дейін тартылған шарф, кепка мен көзілдірік болды. Накуланы осы күйінде журналистер суретке түсіріп алды.

Анықталғандай, 2010 жылы Накула алаяқтық үшін істі болып, ғаламторды, компьютерді немесе «жалған есімдерді» пайдаланбау шартымен жазалаудан босатылған.

Накула атышулы туындының түсірілуіне басшылық еткен деген болжам бар.  Оған тағы кімдердің қатыстылығы бар екендігі нақты белгілі емес. Фильмнің режиссері Сэм Бейсиль есімді әлдебіреу саналады (оның Накула болуы да ғажап емес). Журналистер сондай-ақ сценарийді жазған адамды тапты, ол Вьетнам соғысының ардагері Стивен Кляйн болып шықты. Ол журналистерді өз үйінде қабылдады, оның үстіне ол іш-киімде болған әрі тапаншасын сермей берген.  Оның сөзіне қарағанда, ол сөз бостандығы үшін күресуде және өзінің сенімдері үшін өлуге дайын.