«Мұсылмандық тілде емес, ділде болу керек» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роухани арасындағы келісім аясында екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Жақында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация Ираннан келді. Осы сапар барысында Иран Ислам Республикасының бірқатар ресми өкілдерімен өткізілген кездесулер және жүзден аса ирандық компаниялармен болған екіжақты келісімдер алдағы уақытта бірлескен жобалар ретіндегі өзінің жемісті нәтижелерін беретін болады. Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған бизнес-форум және «сауда миссиясы» алдын ала күтілген межеден де артық бизнесмендердің басын қосуға мүмкіндік жасады.
Тегеран қаласында өткен бизнес-кездесулерге екі елдің іскер топтарының 1000-нан астам өкілі қатысты.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев екі күн ішінде Иран Ислам Республикасының (ИИР) Ғылым және технологиялар бойынша вице-президенті Сурна Саттаримен, ИИР-дің Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифпен, Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мұхаммад Реза Зарифпен, Ауыл шаруашылығы және джихад министрі Махмұд Ходжатимен, ШАСТА ирандық ірі холдингінің басшыларымен кездесті. Сонымен бірге, Әсет Исекешев 13 саладағы ирандық ірі компаниялардың өкілдерімен маңызды кездесулер өткізді.
Қорыта айтқанда, жоғары деңгейде өткен сауда миссиясы нәтижесінде қазақстандық бизнес Иран рыногынан үлкен басымдықтарды көріп отыр. Сонымен бірге, Иран рыногы арқылы болашақта Египет, Ауғанстан, Ирак сияқты елдердің рыногына шығуға толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде Иран Қазақстанды Ресей мен Қытайдың рыногына шығатын хаб ретінде таныды. Аталған елмен сауда-саттықты дамытудың мәселелері егжей-тегжейлі қамтылған бұл көлемді мақала «Ирандық вектор: жаңа рыноктар, жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Бас басылым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен болған сұхбатты жариялады. Бұл көлемді сұхбатта Бас мүфти дін бағытындағы өзекті мәселелерді барынша қамтуға тырысқан.
«Бүгінгі таңда ҚМДБ-ның құрамында 545 жоғары білімді, 797 орта білімді азамат қызмет етуде. Діни қызметкерлердің білімі мен білігін жетілдіру мақсатында арнайы курстар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам инстиутындағы 2 айлық курсқа 242 имам қатысты. Сонымен қатар, имамдардың білімін жетілдіру бойынша еліміздегі 5 медреседе (Павлодар, Тараз, Шымкент, Сарыағаш, Ақтөбе) 3 күндік, 7 күндік, 10 күндік оқу курстары ұйымдастырылды. Оған жер-жерден 1214 имам-молдалар қатысты. Аллаға шүкір, ХХІ ғасырдың тәжірибелі, іскер, діни саланың жұмысын даналық жолмен дамытып келе жатқан білікті имамдар корпусы қалыптасты. Мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия елдерімен, Татарстанмен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады»,-дейді Ержан қажы Малғажыұлы. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Мұсылмандық тілде емес, ділде болу керек» атты сұхбатты оқып шығыңыз.
* * *
«Айқын» газетінің жазуынша, Атырауда «Сәтті қадам» жобасының аясында жоғары оқу орындарын бітірген, ата-анасы жоқ жас мамандарды өңірдегі ірі кәсіпорындарға іскерлік тәжірибеге жіберу және жұмысқа орналастыру туралы меморандумға қол қою шарасы өтті.
Осы маңызды шараны өткізуге жауапты «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы Асқар Бопылдықов Атырау мұнай және газ институты басшылығы, студенттер және меморандумға қоюшы тараптармен болған кездесуде: «Алдағы уақытта тағы жиырмаға жуық ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелермен келісімге отыру жоспарланып отыр. Әр кәсіпорынға өз мамандықтары бойынша бірнеше жас мамандар тәжірибеге жіберіліп, мүмкіндігінше жұмысқа орналастырылуы қарастырылады. Бұл жоба осымен төртінші жыл қатарынан іске асырылып келеді. Жобаға жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген жас мама ндардың қызығушылықтары өте жоғары. Өткен жылдың өзінде 100-дің үстінде жас маман құжат тапсырып, 15 жас маман мамандықтары бойынша тәжірибеге жіберілген болатын. Алдағы уақытта бұл жобаны жетілдіріп, жан-жақты жұмыстар жүргізетін боламыз» деді.
«Сәтті қадам» жобасы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалы «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Атырау филиалы мен «ҚазТрансГаз» АҚ мекемелерімен арнайы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қойған ірі кәсіпорын басшыларының айтуынша, өздеріне тәжірибеге келген жас мамандар білімі мен біліктілігін көрсете алса, олардың барлығын да жұмысқа алуға мүмкіндік қарастырылады. Бұл материал басылымда «Студенттер жұмыссыз қалмайды» деген тақырыппен жарияланды.
Осы газетте «Көліктік байланысты күшейтеді» атты материал берілген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл Құрық паромды кешенінің қосалқы инфрақұрылымы қолға алынады.
Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Дмитрий Потловтың мәлімдеуінше, қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында еліміздің батыс аймағындағы Құрық паромды кешені бар.
- Бүгінгі таңда Каспий жағалауындағы мемлекеттерге темір жол вагондарының жүктерін жеткізу тек Ақтау порты арқылы жүзеге асады. Соңғы кездері Ақтау порты қауырт жағдайда жұмыс істеп жатыр. Сол себепті «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Каспий төңірегінен қосымша паромдық нысан жасақтау туралы шешім қабылданды, - деді Д. Потлов.
Оның сөзінше, бұл жоба Қазақстанның Қытаймен, Шығыс Азиямен, Парсы шығанағымен және одан әрі Еуропамен халықаралық көліктік байланысын күшейтуді көздейді.
- Бұл нысан құрылысын жүргізсек, жүк тасымалының транзиттік қызметі арқылы біз кіріс көлемін ұлғайтамыз. Бұл аймақ бюджетінің еселенуіне септігін тигізеді. Бүгінгі таңда нысанның қосалқы инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірқатар жұмыстар белгіленді, - деді Көлік комитетінің төрағасы.
Д.Потловтың дерегінше, осы жобаға қатысты әзірше 500-ден астам жұмыс орны ашылған. Жобаның толық қуаты іске қосылған кезде қосымша 100 жаңа жұмыс орны пайда болады.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында «Заложники снежной зимы» атты мақала берілген. Биылғы қыста құтқарушылар қар құрсауынан 4 882 адам мен 1 504 көлікті шығарған. Қыс кезінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконың төрағалығымен өтті. Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың қаңтары аралығында ел жолдарындағы ахуал күрт нашарлап кетті. Бұл тұрғыда әсіресе солтүстік өңірлерде құтқару шараларының саны айтарлықтай артты.