Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында орналасқан бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ 127050 гектар жерді алып жатыр және ЮНЕСКО-ның Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне енген. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.

Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2004 жылы экологиялық, ғылыми, тарихи және эстетикалық маңызы зор табиғи кешендерді сақтау мақсатында құрылған.

Шарын ұлттық паркі — табиғаттың қайталанбас туындысы. Мұнда миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ерекше ландшафттар, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі сақталған.

Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрілігі

— Парктің ең танымал нысандарының бірі — Шарын шатқалы. Табиғаттың өзі сомдаған алып қамалдарға ұқсас қызыл жартастардан құралған бұл шатқалдың тарихы миллиондаған жылдарға созылады. Биіктігі 370 метрге дейін жететін шатқал Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейдегі табиғи мұралардың бірі болып саналады, — деп хабарлады министрліктен.

Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Шарынның тағы бір ерекше байлығы — Шарын ерен тоғайы. Бұл — мұз басу дәуірінен бері сақталып келе жатқан сирек табиғи ескерткіш. Өзен бойында табиғи жағдайда өсетін соғды ерені ағаштары өткен дәуірдің үнсіз куәсіндей бүгінгі күнге жеткен. Жергілікті халық бұл ағашты «ерен» деп атайды. Әлемде өте сирек кездесетін бұл ағаштардың табиғи өсетін негізгі мекендерінің бірі дәл осы Шарын өңірі болып табылады.

— Ұлттық парк құрамындағы Қызыл Қарасай мен Үлкен Бұғыты учаскелері де табиғи байлыққа аса бай. Мұнда қарақұйрықтар еркін жайылып, бүркіт, ителгі, дуадақ секілді сирек құстар мекендейді. Сонымен қатар ондаған эндемикалық және сирек кездесетін өсімдіктер түрлері өседі, — делінген хабарламада.

Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі
Фото: Экология министрлігі

Шарын ұлттық паркінің жануарлар дүниесі де ерекше. Мұнда сүтқоректілердің 34 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және 246-ға жуық құс түрі тіршілік етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық, Түркістан сілеусіні, сабаншы және Орта Азия кәмшаты сияқты сирек жануарлар осы өңірді мекендейді.

Табиғатты тамашалауға келген қонақтар үшін парк аумағында жалпы ұзындығы 30,5 шақырым болатын төрт туристік бағыт ұйымдастырылған. Шарын ерен тоғайы, Шарын шатқалы- Қамалдар аңғары, Бейіттер мен қорғандар бағыты және Темірлік — Кіші шатқал бағыты келушілерге табиғат пен тарихтың тылсым сырларын ашып көрсетеді.

Мұз дәуірінен жеткен тоғай: Шарынның сирек әлемі
Фото: Экология министрлігі

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — бұл табиғаттың өткенін бүгінмен жалғаған, ерекше биоалуантүрлілікті сақтап тұрған баға жетпес мұра. Оның әсем көріністері, бай табиғаты мен терең тарихы әрбір адамды таңғалдырып, туған жер табиғатын қадірлеуге шақырады.

Айта кетейік, былтыр Көлсай мен Шарынға 850 мың турист барған.