«МУЗ-ТВ» сыйлығын табыстау рәсімінде Батырхан Шүкеновке ерекше нөмір арналады

«Өкінішке қарай, Батырхан бұл күнге жете алмады, сондықтан біз сыйлықты табыстау рәсімінде оған арнайы нөмір арнаймыз. Оған Б. Шүкеновтің туыстары мен достары қатысады», - деп атап өтті А.Дәулетияров.
Оның айтуынша, ең алғашында Астанада өтетін «Муз-ТВ» сыйлығын тапсыру рәсіміне «А-Студио» тобының «алтын» құрамы қатысады деп жоспарланған болатын. Батырхан солардың арасында болуы тиіс еді. «Біз Батырхан Шүкенов өмірден озбай тұрғанда онымен сөйлесіп, келісіп жүрген болатынбыз. Ең басында «А-Студио» тобының «алтын» құрамы қатысып, «Джулия» әнін шырқаса дұрыс болады деп жоспарладық. Өйткені бұл ән «Муз-ТВ» сыйлығын табыстау рәсімінің негізгі өзегі еді. Бірақ, өкінішке орай, ол ойымыз іске аспай қалды», - деді «Муз-ТВ» директоры. А. Дәулетияровтың айтуынша, «А-Студио» тобы мен Батырхан Шүкенов бүгінде Қазақстан мен Ресей музыкалық мәдениетінің бірігу символына айналған. «Әрине, Қазақстандағы Муз-ТВ шарасын «А-Студио» тобы мен Батырсыз өткізу өте қиын болайын деп тұр. Батырхан Шүкенов Ресей мен Қазақстанның музыкалық индустриясының бір бөлігі болды және солайболып қала береді», - деді ол. «МУЗ-ТВ сыйлығы» - шоу-бизнестегі маңызды, ауқымды және беделді оқиғалардың бірі. Оны 2003 жылдан «МУЗ-ТВ» арнасы ұйымдастырып келеді. Жеңімпаздар көрермендердің және академиктердің дауыс беруі арқылы анықталады. «МУЗ-ТВ» сыйлығын марапаттау шарасына әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шақыртылады. Марапаттау рәсімдерінде өнер көрсеткендердің қатарында Сhristina Aguilera, Katy Perry, Jennifer Lopez, Sharon Stone, 50 Cent, 30 Seconds to Mars, Tokio Hotel, Sum 41, Anastacia, Craig David, Pussycat Dolls, PSY, OLA және т.б. болды.