Мұз үстінде қандай қауіпсіздік шаралары сақталуы керек – маманнан кеңес

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыров мұз үстіндегі қандай қауіпсіздік шаралары сақталуы керектігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұз үстінде қандай қауіпсіздік шаралары сақталуы керек – маманнан кеңес

«Төтенше жағдай болған уақытта қыс мезгілінде қала аумағында зардап шеккендерге мың адамға арналған он нысанда – жылыту пункттері қарастырылған. Сондай-ақ бұл мақсатта төрт қонақ үй, хостел мен 500 адамға арналған жатақхана дайындалды. Құтқарушыларға қыс кезінде мұздағы қауіпсіздікке байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Департамент қызметкерлерімен қазіргі уақытта түсіндіру, ескерту жұмыстары бейнеконференциялар арқылы өткізілуде», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының орынбасары Есен Байыров қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Департамент өкілі баспасөз мәслихаты барысында мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері туралы айтып берді.

«Қатпаған мұздың үстіне шықпаңыздар. Топталып мұздың бір аумағында жиналмаңыздар. Мұздың жарылған жеріне жақындамаңыздар. Көлікпен мұз үстінен өтпеңіздер. Мұздың үстіне қараңғы уақытта шықпаңыздар. Мұзға жеке құтқару құралынсыз шығуға болмайды. Атап айтқанда мұз үстіне шыққана адамда құтқару шеңбері, кеудешелер болуы керек. Мұзда шектеулі аймақта екіден астам ойық жасауға болмайды. Бұл тәртіп – балықшыларға қатысты», - деді ол.