Мұз жарылып кеткен — Атыраулық полицейлер жасөспірім қызды құтқарды

мұз ойылды
Фото: Видеодан кадр

Атырау қаласында орталыққа жақын маңда Жайық жағалауында қыз бала мұз ойылып, суға түсіп кеткен, деп хабарлайды Kazinform.

Хабарлама бойынша Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Муратов, Құрманғазы Мерей және Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Габитов дереу оқиға орнына жеткен.

полицей
Фото: polisia.kz

Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.

Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды.

Аяқасты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады.

Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастап кетті.

Айта кетейік, дәл осындай жағдай Атырау облысында 26 желтоқсан күні де болған еді. Ол жолы полицейлер мұз жарылып, суға түсіп кеткен әйел мен оған көмектеспек болған ер адамды құтқарған еді. 

Соңғы жаңалықтар