Мұздақтар қатуынан әуе желілері үзілуде

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат - «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ электр желілерінде қысқа мерзімді ажыратулардың болуы ауа-райының қолайсыздығы салдарынан екенін хабарлайды.

Мұздақтар қатуынан әуе желілері үзілуде

Орталық және Солтүстік өңірлердегі әуе желілерінде мұздақтардың қатуы белең алып отыр.

Соның салдарынан үстіміздегі жылғы қарашаның 7-8-і күндері «Солтүстік -Оңтүстік Қазақстан» транзитінің бір бөлігі 500 кВ-тық Л-5120 «Екібастұз ГРЭС-1 - Нұра» әуе желісінде электр тоғынан ажырату оқиғасы болды. Бұл бұзылысты жедел арада жөндеу және жүйеаралық апаттың алдын алу үшін жүйелік оператор Орталық және Оңтүстік өңірлерде электр қуатын пайдалануға шектеу қойды.

Сондай-ақ Қарағанды облысында да 110 кВ-тық әуе желісінде бірқатар ажыратулар тіркелді. Электр сымдарының үзілуінен және бағаналардың құлауынан  қарашаның 5-де «Осакаровка - Қарағанды ГРЭС-2» 220 кВ-тық екі әуе желісінде ажыратулар орын алды. Желіні жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде.

Ауа-райының қазіргі жағдайы бірқатар учаскелерде мұздақтардың қатуына, соның әсерінен апаттық ажыратулардың болуына әкеп соғуда. Әуе желілерінде қалыңдығы 5 см. болатын мұздың қатуынан электр сымдары мен оқшаулатқыштар үзіліп, бағаналар құлауда. Маусымаралық кезеңге тән бұл жағдай 110-220-500 кВ-тық желілерде көптеген апаттық ажыратулардың орын алуына себеп болып отыр.