Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мұздықтардың еруі — ұлттық қауіпсіздік мәселесі: Қазақстанда гляциологтер неге даярланбайды

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі 2400-ге жуық мұздық климат өзгерісінің қысымына ұшырап жатыр. Оларды кім және қалай бақылайды? Елде гляциология ғылымы мен маман даярлау ісі қай деңгейде? Kazinform тілшісі саралап көрді.

Гляциологическая станция Туюк-Су
Фото: tiptoptrek.com

Мұздық мониторингі

Мұздықтардың жай-күйін бағалау тұрақты ғылыми бақылауды талап етеді. Қазақстанда бұл жұмысты Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы үйлестіреді. Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған мекеме — әлемдегі мұздықтарды зерттеуге маманданған жалғыз ЮНЕСКО-ның 2-санаттағы ғылыми орталығы. Өткен жылдың соңында оның мәртебесі тағы сегіз жылға ұзарып, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 115 млн теңгеге ұлғайтылды.

Орталық директоры Такир Балықбаевтың айтуынша, Қазақстанда жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асатын 2400-ге жуық мұздық бар. Олардың басым бөлігі Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Күнгей Алатау мен Алтай жоталарында шоғырланған.

— Мұздықтардың жай-күйін бақылау үш биік таулы станцияда жүргізіледі. Олар — Тұйықсу мұздығы, Үлкен Алматы көлі маңындағы станция және Жосалы-Кезең станциясы. Мұнда жыл бойы гидрометеорологиялық параметрлер, мұздықтардың массалық балансы, қар жамылғысы, мұздық көлдерінің жай-күйі, көпжылдық тоң мен қауіпті табиғи процестер бақыланады, — дейді Такир Балықбаев.

Такир Балықбаев
Фото: Такир Балықбаевтың жеке мұрағатынан

Жерүсті бақылаулары ғарыштық мониторингпен толықтырылады. Соның арқасында Сырдария мен Әмудария алаптарындағы мұздықтардың соңғы 60 жылдан астам уақыттағы өзгерістері зерттеліп келеді. Жиналған деректер Қазақстанның салалық мекемелеріне ғана емес, Дүниежүзілік мұздықтар мониторингі қызметіне (WGMS) жолданып, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) баяндамаларында пайдаланылады.

Орталық халықаралық ғылыми ынтымақтастықты да белсенді дамытып отыр. Қазір ол тоғыз елдің 21 ғылыми ұйымымен бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесімен бірге Тянь-Шаньдағы 50-ден астам мореналық көлге зерттеу жүргізіп, сел қаупін бағалап келеді.

Сондай-ақ орталық Қазақстанның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Су мұнаралары серіктестігі» жобасын үйлестіреді. Жоба Орталық Азия елдерінің мұздықтарды бірлесіп зерттеуіне, ғылыми дерек алмасуына және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

2050 жылға қарай қандай мұздықтар жойылуы мүмкін?

Ғалымдардың көпжылдық бақылауы еліміздегі мұздықтардың тұрақты түрде кішірейіп жатқанын көрсетеді. Соңғы 50–60 жылда олардың жалпы ауданы жыл сайын орта есеппен 0,73–0,75 пайызға, ал мұз көлемі шамамен 1 пайызға азайған. Мамандардың бағалауынша, бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Мамандар үрдісті, ең алдымен климаттың жылынуымен байланыстырады. Республикадағы биік таулы өңірлерде орташа жылдық температура әр онжылдық сайын 0,3–0,4 градусқа өсіп келеді. Нәтижесінде 1961–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш шамамен бір градусқа жоғарылаған.

мұздық
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Температураның көтерілуі мұздықтардың еру маусымын ұзартып қана қоймай, олардың қоректену аймағын да тарылтады. Бұрын қар түрінде түсетін жауын-шашынның едәуір бөлігі жаңбырға айналып, мұздықтардың табиғи түрде толықтырылуын әлсіретіп отыр.

Дегенмен климат өзгерісі барлық мұздыққа бірдей әсер етіп жатқан жоқ. Ауданы 0,1 шаршы шақырымнан аз шағын мұздықтардың тағдыры көбіне жергілікті табиғи жағдайларға тәуелді болса, ірі мұздықтардың өзгерісі негізінен өңірлік климаттық үдерістермен айқындалады.

Ғалымдардың болжамынша, қазіргі үрдіс сақталса, 2050–2070 жылдары ауданы 0,5 шаршы шақырымнан кіші мұздықтардың басым бөлігі жойылуы мүмкін. Ал ірі мұздықтар толық жоғалмаса да, көлемінің едәуір бөлігінен айырылып, бірнеше бөлікке ыдырайды.

«Peak water» құбылысының қатері

Мұздықтардың кемуі, ең алдымен елдің су ресурстарына әсер етеді. Себебі еліміздегі көптеген өзен бастауын тау мұздықтарынан алады. Сондықтан мұз қорының азаюы өзендердің су режиміне тікелей ықпал етеді.

География және су қауіпсіздігі институты басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұловтың айтуынша, өзендердің гидрологиялық режиміндегі өзгерістер мұздықтардың кемуімен ғана емес, жалпы климаттың жылынуымен де байланысты.

Саят Әлімқұлов
Фото: Саят Әлімқұловтың жеке мұрағатынан

— Қысқы және көктемгі температураның жоғарылауы қардың ертерек еруіне әсер етеді. Соның салдарынан көптеген өзенде көктемгі су тасқыны орта есеппен 7–10 күн бұрын басталады, — дейді ол.

Қазіргі кезеңде мұздықтардың қарқынды еруі өзендердегі су көлемінің уақытша артуына себеп болып отыр. Ғылымда бұл құбылыс «су шыңы» (peak water) деп аталады. Алайда бұл уақытша кезең ғана.

Мұз қоры азайған сайын өзендерді қоректендіретін табиғи ресурс та кемиді. Ғалымдардың болжамынша, қазіргі жылыну қарқыны сақталса, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы көптеген өзен алабы XXI ғасырдың ортасына қарай «су шыңы» кезеңінен өтеді. Осыдан кейін, әсіресе жаз айларында, өзендердің сулылығы біртіндеп төмендей бастайды.

Бұл үрдісті Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының изотоптық зерттеулері растайды. Ғалымдар үш жыл ішінде өңірдегі алты өзеннен алынған жеті мыңнан астам су сынамасын талдаған. Нәтижесінде көктемгі су тасқынының ең жоғары кезеңі бұрынғыдай шілде–тамызда емес, сәуір–мамыр айларына ығысып келе жатқаны анықталған.

Технология мұздықтарды сақтай ала ма?

Әлемнің көптеген елінде мұздықтардың еруін баяулатуға бағытталған түрлі технология сынақтан өтіп жатыр. Мәселен, Қытайда шағын мұздықтарды арнайы геотекстильмен және күн сәулесін шағылыстыратын материалдармен жабу тәжірибесі қолданылса, Еуропа жасанды қар өндіру мен бұлт технологияларын зерттеуге кіріскен.

мұздық
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Қазақстанда да су тапшылығының алдын алу мақсатында пилоттық жобалар аясында бұлттарды себу технологиясы қолданылып келеді. Алайда мамандар бұл әдістердің тиімділігі шектеулі екенін айтады. Олардың айтуынша, мұндай технологиялар шағын аумақта ғана нәтиже береді, ал кең көлемде енгізу экономикалық тұрғыдан тым қымбат. Оның үстіне жаһандық климаттың жылынуы жалғасқан жағдайда бұл тәсілдер мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Сондықтан ғалымдардың пікірінше, мұздықтарды сақтаудың ең тиімді жолы — парниктік газ шығарындысын қысқартып, климаттың өзгеруін тежеуге бағытталған халықаралық күш-жігерді күшейту.

Гляциологтер не үшін қажет?

Мұздықтарды зерттейтін негізгі маман — гляциолог. Алайда елімізде бұл мамандық бойынша жеке кадр даярланбайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жайық Тоқтаровтың айтуынша, ЖОО-ларда мұндай дербес білім беру бағдарламасы жоқ. Дегенмен мұздықтарды зерттеуге қажетті білім гидрология, гидрогеология, климатология, су ресурстарын басқару, геоинформатика және инженерлік геология бағыттары аясында беріледі.

Жайық Тоқтаров
Фото: Жайық Тоқтаровтың жеке мұрағатынан

— Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде «Гидрология» және «Геология және гидрогеология негіздері» пәндері аясында «Гляциология негіздері» оқытылады. Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде студенттер су ресурстарын басқару, климаттық тәуекелдер, геоақпараттық жүйелер, инженерлік геология және қауіпті табиғи процестерді мониторингтеу бағытында даярланады, — деді Жайық Тоқтаров.

Елімізде тар бейінді гляциологтерді емес, мұздықтарды пәнаралық тұрғыдан зерттей алатын мамандарды даярлайды. Олар су ресурстарын басқару, жер асты суларының қалыптасуын зерттеу, өзен ағындарын модельдеу және таулы аумақтардың инженерлік қауіпсіздігін бағалау бағыттарында еңбек етеді.

Соған қарамастан, Қазақстанда гляциология ғылымының өзіндік мектебі қалыптасқан. Оның негізін қалаушылардың бірі — профессор Игорь Северский. Ол алпыс жылдан астам уақыт мұздықтар мен қар көшкіндерін зерттеп, бірнеше ғылым докторы мен кандидатын даярлады. Бұл — еліміздегі гляциология ғылымының қалыптасуына қосылған маңызды үлес.

P.S. Бүгінде мұздықтарды зерттеу экологиялық мәселе аясынан әлдеқашан шығып кетті. Ол — елдің су қауіпсіздігіне, табиғи қауіптердің алдын алуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге тікелей ықпал ететін стратегиялық бағыт. Сондықтан халықаралық ғылыми ынтымақтастықты күшейтумен қатар, гляциология бойынша ұлттық ғылыми мектепті дамытып, осы салаға маманданған кадр даярлау уақыт талабына айналып отыр.