Музей саласын монетизациялаудың жаңа тетіктері енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Музей саласын монетизациялаудың жаңа тетіктері енгізіледі. Бұл жайында еліміздің Мәдени саясатының тұжырымдамасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Музей ісін дамыту озық технологияларды енгізу арқылы жүргізіледі. Мысалы – республикалық және өңірлік музей қорларын электронды форматқа көшіру, сондай-ақ экспозицияларды виртуалды форматта қолжетімді ететін 3D турлар құру. Музейге келушілер санын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы – Халықаралық музейлер күніне орайластырылатын жыл сайынғы «Музейлер түні» акциясы. Біздің мақсатымыз – 2030 жылға қарай тарихи-мәдени мұра музейлері мен нысандарына келушілер санын 20 пайызға ұлғайту», - деп жазады министр Telegram парақшасында.
Оның атап өтуінше, музей саласын монетизациялаудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Атап айтқанда, кәдесыйлар сату, билеттердің сараланған бағасы, аукциондар, сәндік-қолданбалы өнер аймақтары, коворкингтер және тағы басқаларды. ұйымдастыру үшін музейлердің бос алаңдарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», - деді ол.