Музейдегі әр жәдігер – ұлылардың аманаты

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Бұл жерде өнер мен мәдениет тарландарынан қалған тәбәріктер жинақталған. Әйгілі перзенттердің қолтаңбасы бар әр затқа шаң тигізбей мұқият сақтау, насихаттау, ғылыми тұрғыдан зерделеу зор жауапкершілікті қажет етеді. Музейдегі бас қор сақтаушы осының барлығын үйлестіретін дирижер іспетті.

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіндегі қор жинақтарының ерекшелігін бүгінде Мейрамғали Есмұқановтан артық білетін адам жоқ десе болады. Мекеменің бас қор сақтаушысы қызметін атқаратын маман мыңдаған жәдігердің әрбіреуін өз қолымен қаттап, қай сөреде жатқанын жатқа біледі. Халықаралық музей күні қарсаңында Мейрамғали Қайроллаұлымен әңгімелесудің сәті түсті.

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ертіс-Баян өңіріндегі әдебиет пен өнер саласы тарихының аймаңдай орталығына айналған музейдегі қор аса ауқымды, шамамен 56 мыңнан астам жәдігер бар. Музей алғаш 1992 жылы ашылғанда облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі 4 мыңдай жәдігер тапсырған екен. Олардың саны бүгінде еселеп артып, музей қызметкерлерінің арқасында жұртшылыққа кеңінен паш етіліп келеді.

Мейрамғали Есмұқанов
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мейрамғали Есмұқанов осы бай қазынаның сақталуына жауапты. Мекемедегі қызметі сонау 2002 жылдан басталған майталман маман әуелі экскурсовод қызметінен бастағанын айтады.

«Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Тоқсаныншы жылдары Павлодарда Абай атындағы қазақ орта мектебінде ұстаз болып еңбек еттім. Кейін осы музейге жол түсті. Сол тұстағы мекеме директоры Роза Игібаевадан, музейдің негізін қаласқан Айтжан Бәделхан, Қуандық Қалиев, суретші Қайыр Сүлейменов сияқты ағалардан, әріптесім Мағзия Әбеновадан көп дүниені үйрендім. Қызмет еткен 22 жылымда экскурсовод, ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары міндеттерін атқардым. Музей жұмысы үнемі тарих қойнауына үңіліп, мың сан ұлылардың өмірімен танысуыңменен қызықты. Талай мәрте Кереку топырағы тудырған қазақтың танымал ақын-жазушыларының, өнер адамдарының үйлерінде болып, мағыналы әңгімелерін ұйып тыңдадық. Олардың әрбір айтқан әңгімесі ғанибетке толы еді ғой, шіркін... Қалижан Бекхожин, Кәукен Кенжетаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Әлкей Марғұлан, Дихан Әбілев, Ләзиза Серғазина және т.б. тұлғалардың ұрпақтарының үйінен дәм татып, әкелері жайындағы татымды естеліктерге байып қайттық. Мұзафар Әлімбаев, Ахат Жақсыбаев сияқты жақсылармен жүздестік. Барған жерімізден оларға қатысты жәдігерлерді, ұстаған жеке заттарын алып отырамыз. Есімде ерекше қалғаны, музейдің қазіргі басшысы Ербол Қайыров екеуіміз 2007 жылы Алматыға барып, көптеген танымал адамдардың үйлерінде болдық. Сонда музейге деп жинаған заттарымыздың жалпы салмағы 75 килограмнан асып кетіп, үлкен екі ала сөмкемен Павлодарға әрең жеткізіп едік. К. Кенжетаевтың аққу домбырасын, Қ. Бекхожиннің, Д. Әбілев пен Қ. Ыдырысовтың қолжазбаларын алдық. Д. Әбілевтің үйіндегі жеңгей Қажымұқан атамыздың ерні тиген үлкен кәрлен кесені тарту етті», - деп әңгімеледі ол.

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Негізі Бұқар жырау музейі орналасқан нысан – 1897 жылы салынған тарихи ғимарат. ХІХ ғасырдың соңында екінші гильдиядағы көпес Фаттах Рамазанов бұл жерге мешіт салмақшы болып іргетасын құйдырады. Алайда оның жобасы дұрыс болмай, мешітті өзге жерден тұрғызуға шешім қабылдаған. Сөйтіп өзге көпеске сатып жіберген. Кейін оны көпес Зайцев сатып алып, айшықты оюлармен көмкерілген көрікті ағаш үй тұрғызады. Бірнеше бөлмеден тұратын еңселі нысан облыс орталығындағы тарихи әрі сәулетті ғимараттардың біріне айналды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары онда уездік әскери революциялық комитет орналасыпты. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров осы кеңсеге жиі келген. Ғимарат соғыстан соң мемлекеттік мекемелерге беріліп келген. Бұл музейге майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев, ақын Аманжол Шамкенов және т.б. қаламгерлер ат басын бұрып, өз қолтаңбаларын қалдырған.

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Музейде Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған пластинка, «Молдалардың молдасы» атанған дін қайраткері Әбушахман Нұрсейітұлының (Шахман молда) 49 кітабы, Жюль Верннің 1906 жылы шыққан «В стране мехов» кітабының түпнұсқасы, 1885 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «История искусств» кітаптары сақтаулы. Музей жұмысына соңғы жылдары ғалым Әділбек Әміреновтің араласа бастауы ұжымға араб қарпіндегі көне қолжазбаларды, кітаптарды оқудың мүмкіндігін тудырды. Жоғарыдағы кітаптардан бөлек, соңғы бір жыл дересінде араб графикасындағы Абайдың 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының қос кітабы, Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы, бірнеше көне журнал табылды. Ал жуықта музей қызметкерлері Қаныш Сәтбаевтың жазба машинкасын, Жүсіпбек Аймауытов ұстаған Құран кітапты, Иса Байзақовтың домбырасын, әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаев жайлы қолжазба повесті тапты. Бұлардың құндылығын тілмен айтып жеткізгісіз.

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мейрамғали ағаның айтуынша, соңғы жылдары мектеп оқушыларының көне жәдігерлерге деген ынта-ықыластары айрықша байқалады. Бұл музей қызметкерлерінің тұрақты жүргізіп келе жатқан іс-шараларының нәтижесі болса керек. Мектептерде жыл бойына тұрақты түрде дәрістер өткізіліп, жазғы уақытта музей ауласында оқушылар үшін ұлттық дәстүрлерді насихаттайтын киіз тігіледі. Мұнда ұлттық аспаптар мен салт-дәстүр үлгілері паш етіліп, балаларға құндылықтарымыз үйретіледі. Ал мерекелерде ұлттық салт-дәстүр мен өнер түрлерінен байқаулар ұйымдастырылады.

музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
музей
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар