«Музейдегі түн» АЛЖИР тұтқындарының қорқыныш-үрейі мен жан азабын жеткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 мамыр - Халықаралық мұражайлар күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Музейдегі түн» шарасы өтті.
Музей қызметкерлері тұтқында болған әйелдердің өмірі туралы баяндайтын экспозицияларды келушілер назарына ұсынды. Одан бөлек, «АЛЖИР-дің ызғарлы суығы» атты деректі фильм көрсетілді.

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылғы 31 мамырда Ақмол ауылында «Отанын сатқандар» әйелдерінің бұрынғы Ақмола лагерінің орнында ашылды. Бүгінде айтулы мемориалдық кешен «Қайғы қақпасы» монументі, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициядан, сондай-ақ «Еске алу қабырғасынан» құралған. Мұражайдың экспозициялары өзінің материалдық құжаттарымен саяси қуғын-сүргін тарихын, жазалау институттарының әрекет ету тетіктерін көрсетеді.

АЛЖИР(Акмолинский лагерь жен изменников Родины - Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) - cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері. Кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға жуық әйел қамауда болды. Қарағанды лагерінің «26-шы нүкте» болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

Мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Салдарынан темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. АЛЖИР Қарағанды лагерінің ("Карлаг") «26-бөлімшесі» ретінде қазіргі Астана қаласының оңтүстік-батысында, Төңкеріс (Малиновка) елдімекенінде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) 1937 жылғы 5 тамыздағы бұйрығы негізінде құрылған. КСРО ОАК-нің 1934 жылғы 8 маусымдағы қаулысына сәйкес "Отанын сатқандардың" отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 жылға Сібірдің аудандарына жер аудару жазасы берілген. Алжир лагері 30 мың га жерді алып жатты. Оның Қарағанды , Ақмола өңірінде бірнеше бөлімшелері болды. Алжир тұтқындары егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары АЛЖИР-де 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды. Онда С. Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б. Майлиннің әйелі Күнжамал, Т. Рысқұловтың әйелі Күләндам, С. Мендешовтың әйелі Рәзия, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелі Рабиға Майнұр Сармолдаева және т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын өтеді».
АЛЖИР 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа лагерьлерге ауыстырылды, мерзімін өтегендер босатылды. АЛЖИР туралы тек 80-жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады.


