Мұзтау мұзбалағының мерейтойы: ШҚО-да Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы қалай атап өтілмек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биыл Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы. Мұзтау мұзбалағы атанған жазушының мерейтойы оның шығармашылығына, дәріптеген құндылықтары мен асқақ ойларына тағы бір үңіле түсуге мүмкіндік сыйлайтындығы хақ. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада айтулы датаға орай бірқатар ауқымды шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген руханият ошағының директоры Хабиба Ақжігітова айтып берді.

Мұзтау мұзбалағының мерейтойы: ШҚО-да Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы қалай атап өтілмек

- Оралхан Бөкей есімі кітапханаға қашан берілді?

- Әлемдік деңгейдегі жазушы Оралхан Бөкейдің есімі кітапханамызға 2016 жылы берілген. Содан бері осындағы әр шара мен түрлі жобаны қаламгермен байланыстырып келеміз. Мәселен, былтыр балаларды жеті атасын, шежіресін білуге шақыратын «Ататек» жобасы қолға алынған болатын. Біз оны Оралхан Бөкейдің ата-тегінен бастадық. Таяуда кітапханада белгілі жазушы Әлібек Асқаровпен кездесу өтті. Сонда да жазушының Оралханмен достығынан бастап, бірге түскен суреттерін көрсеттік.

- Мұзтау мұзбалағының шығармашылығын насихаттау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Кітапханаға кірген беттен-ақ әр жерге Оралхан Бөкейдің қанатты сөздерін орналастырдық. Әдеби зал ашып, онда қаламгер туралы деректерді, фотоларды, естеліктерді жинастырдық. Жазушының барлық кітабын түгендеп қана қоймай, шет тілдердегі аудармаларын да таптық. Ол үшін бірнеше елдегі әріптестерімізбен байланысқа шықтық. Қазір кітапханада Оралханның орыс, ағылшын, қытай, парсы, қырғыз, болгар, словак, эстон тілдеріндегі аудармалары тұр. Бұның барлығын оқу үшін кітапханаға келу шарт емес. Халыққа ыңғайлы болсын деп Bokey.kz сайтын іске қостық. Онда жазушының шығармашылығы, суреттері, аудио және видео сұхбаттары топтастырылған. Оралхан туындыларының желісі бойынша салынған көркем суреттерді де көруге болады. Сайттың «Оралхантану» бөлімінде қаламгердің балалық шағынан бастап соңғы сапарына дейінгі мағлұматтар мен ақын-жазушылардың естеліктері берілген.

Жалпы цифрлық технология дамыған заманда кітапханалар да жаңарып, уақыт талабына сай дамуы керек деп есептеймін. Сол арқылы руханият ошағына бас сұғатындар көбейе түседі. Осы тұрғыда біз VR-киіз үйін аштық. Келушілер киіз үйге кіріп, VR көзілдірік арқылы әлемнің кез келген жеріне саяхат жасай алады. Осы құрылғы арқылы Оралханның туған жері мен кейіпкерлерінің бейнесін де көруге болады. Сондай-ақ Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғанын бейнеледік.

Жыл сайын елімізде Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтетіні белгілі. Ал ең алғашқы «Оралхан оқулары» 1998 жылы Астана қаласында өткен. Содан бастап күні бүгінге дейін байқау жеңімпаздарын түгендеп шықтық. Себебі бұл деген тарих қой. Ең бірінші байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Темірбек Жүргенов академиясының 2-ші курс студенті, қазіргі күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, «Мәдениет саласының үздігі» Күнсұлу Шаяхметова жеңіп алған. Бірінші орынды Ғ.Мүсірепов театрының сол кездегі жас актрисасы, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың актрисасы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Райхан Қалиолдина иеленген еді. Әр жылдары жеңіс тұғырынан көрінгендер мен жүлделі орын алғандар осы күні түрлі салада еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүр.

- Жазушының 80 жылдығы қалай аталып өтілмек?

- Осы жылдың басынан бері кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында Оралхан сұхбаттарынан, туындыларынан үзінділер беріп жатырмыз. Әсіресе жастарға айтқандарын шығаруды мақсат еттік. Себебі қазір халық түгел дерлік әлеуметтік желіде отырады. Жыл көлемінде бұл жұмысты жалғастырамыз.

Мерейтойға орай негізгі шара – «Неткен ғажап дүние!» тақырыбы аясында көркем очерк жазудан Оралхан Бөкей атындағы республикалық ІІ-әдеби публицистикалық байқау болмақ. Оған 25-40 жас аралығындағы қаламгерлер және БАҚ өкілдері қатыса алады. Шығарма кейіпкері – шынайы өмірде бар ауылдағы еңбек адамы болуы тиіс. Бұрын ешқайда жарияланбаған туынды көркем тілде және сауатты жазылып, тәрбиелік маңызы болуы қажет. Жеңімпаздарды марапаттау 28 қыркүйекте - Оралхан Бөкейдің туған күнінде жазушының туған өлкесі Катонқарағай ауданында өтеді. Сондай-ақ мамыр айында республикалық конференция ұйымдастыру көзделген. Жыл соңына дейін өңірлік деңгейде де сан алуан шаралар өткіземіз.

- Оралхан Бөкейдің туындыларына қазіргі жастардың қызығушылығы қандай?

- Шынын айтқанда, жастар арасында Оралханды мүлде білмейтіндер де бар. Бізге келгенде алғаш рет танысып, қызығушылықтары оянып жатады. Сол үшін өскелең ұрпақты кітапханаға көптеп тартуымыз қажет. Осы ретте, балалармен Оралхан Бөкейдің шығармаларын талдау мақсатында «Мұзтау» әдеби клубын аштық. Оған тек жастар ғана емес, жазушының қаламынан туған повесть, әңгімелерді оқығысы келетін кез келген адам қатыса алады. Клуб өз жұмысын бастай салысымен қызығушылық танытқандар көп болды. Әсіресе оқушылар Оралханның туындыларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Бұдан бөлек, геймификация әдісін де қолданып жатырмыз. Яғни, балалар Оралхан Бөкейдің немесе басқа да тұғыры биік ақын-жазушыларымыздың өмірі мен шығармашылығы туралы құрастырылған қызықты ойындар ойнап, одан соң тест сұрақтарына жауап береді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдіс арқылы оқушылардың естіп-білгендері есте жақсы сақталады.

Қорыта айтқанда, балалар кітапханаға келгісі келсін десек, заманауи технологияларды пайдаланып, тың жобаларды қолға алуымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!