Мұзтау шыңында туристің жарақаттануына байланысты туркомпанияларға тексеру жүргізілмек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Мұзтау шыңында туристің жарақат алуына байланысты туркомпанияларға тексеру жүргізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұзтау шыңында туристің жарақаттануына байланысты туркомпанияларға тексеру жүргізілмек

Катонқарағай ауданы Мұзтау шыңындағы Сәрсембай учаскесінде 22 шілде күні оқыс оқиға болған еді. Тауға шығып бара жатқан 27 жастағы әйел аттан құлап, жарақат алып, есінен айырылды. Құтқарушылар мен дәрігерлер оны шұғыл түрде тікұшақпен ауруханаға жеткізген.

Бүгін ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев туристерді тауға шығаратын осындай компанияларды түгел тексеру керектігін жеткізді. Себебі, өңірдегі көптеген туристік бағыттар, әсіресе Алтай тауының ең биік нүктесі - Мұзтау шыңы мен Берел қорымына апаратын таулы жерлер жолаушыға қиын әрі қауіпті.

«Сол жерлерге арнайы тур ұйымдастыратын кәсіпкерлер туристердің қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алады? Осыны анықтау үшін туркомпанияларды тексеру қажет. Мораторийді қалқан қылу керек емес. Себебі, мұнда адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі тұр», - деді әкім.