МузТВ сыйлығын табыс ету шоуын М.Галкин, К.Собчак жүргізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтетін МузТВ сыйлығы табыс ету шоуын Максим Галкин, Ксения Собчак жүргізеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «МузТВ» телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров мәлім етті.
Оның атап өтуінше, МузТВ сыйлығын табыс ету күнінен бір күн бұрын, яғни 4 маусымда қазақстандық және ресейлік өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтетін болады.
«Біз бүгінгі таңда кемінде 25 ресейлік, 25 қазақстандық әртіс өнер көрсететіндігін жоспарлап отырмыз. Концерт тегін болады», - деді ол.
А.Дәулетияровтың айтуынша, шоуды Лера Кудрявцева, Максим Галкин және Ксения Собчак жүргізетін болады. Ал төртінші жүргізушінің есімі әзірше құпия сақталмақ.
«Біз келіссөздер жүргізудеміз. Хэд-лайнер есімі наурыз айының соңында жария етілетін болады», - деді А.Дәулетияров.