Музыка академиясында ұлттық нышанды классикалық костюмдердiң таныстырылымы болды
Астана. Сәуiрдiң 8-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Қазақ Ұлттық музыка академиясында жаңа үлгiдегi қазақтың ұлттық киiмдерiнiң таныстырылымы болды. Орта буын оркестрiнiң өнерпаздары өздерiне арнайы тiгiлген ұлттық нышанды классикалық костюмдi есеп беру концертiнде тұңғыш рет киiп, өнер көрсеттi,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанайдағы «Ханым» сән үйiнiң тiгiншiлерi Академия жариялаған тендерде дара танылған. Олар оркестр құрамындағы жетпiс бес өреннiң әрбiрiне лайықтап, шақтап, дербес костюм әзiрледi. Бозбалаларға шымқай қара мақпалдан, ал бойжеткендерге сиякөк мақпалдан пiшiлген ұлттық костюмдерге сән үлгiсi мен тiгiн технологиясының соңғы жетiстiктерi қолданылған. Жас қыздар мен бозбалаларға құйып қойғандай, дирижерге және көрермендерге iлтипат көрсету барысында отырып-тұруға ыңғайлы, бүгiнгi заманға лайықтап, ықшам тiгiлген. Оркестрдiң көркемдiк жетекшiсi және дирижерi Маралжан Мырзақұлованың айтуынша, «бұған дейiн 2002 жылы тiгiлген киiмдермен сахнаға шығып жүрген». Дирижердiң иығындағы фрактың өңiрiне басқан ою мен ақ шiлтерлi кеудешенiң мұқият әдiптелген етек-жеңiнен қазақы нышан танылады. «Бiз тапсырысты бiр айда атқарып шықтық», - дедi «Ханым» сән үйiнiң директоры Татьяна Тайшықова. Қостанайлық тiгiншiлер осыған дейiн облыстық филармония мен жергiлiктi мәдениет өкiлдерiне, жекелеген әншiлерге киiм тiгiп келген. Бұл - олардың елордалықтар алдындағы тұңғыш қызметi. Қазақ Ұлттық музыка академиясы колледжiнiң қазақ халық аспаптар оркестрiнiң есеп беру концертiне қостанайлық мамандар арнайы келдi. «Бiз өз қолымыздан шыққан дүниенi сахнадан тамашалайық дедiк. Әрi кемшiлiгi мен олқы тұсы болса, алдағы уақытта ескермекпiз», - дестi тiгiншiлер. «Ханым» Алматыда, Мәскеуде өткен бiрнеше байқауларға қатысқан.