Музыкалық жас көрермен театры балалар мерекесін екі күн қатарынан тойлайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас көрермен назарына «Күлше қыз» музыкалық ертегісін тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музыкалық жас көрермен театры балалар мерекесін екі күн қатарынан тойлайды

Балалар мерекесіне орай дайындалған «Күлше қыз» музыкалық ертегісі орыс драматургы Евгений Щварц пен композитор Антонио Спадавеккианың «Золушка» атты ертегісінің желісінен алынған. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Есім Сегізбаев. Ал, аталған ертегінің қоюшы режиссері – «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының иегері, Музыкалық жас көрермен театрының актері, әрі режиссері Расул Усманов.

Қойылымға екі немересін ертіп келген Гүлбаршын Сиқымбекова ертегіден алған әсермен былай деп бөлісті:

«Немерелерім телеарнадан көріп жүрген кейіпкерлерімізді сахнада көргенде қатты қуандық деп айтып отыр. Актерлардың ойнау қабілеті жоғары болды. Әсіресе, балалармен қарым-қатынас жасағандары ұнады. Театр ұжымына сәттілік тілейміз! Қойылымдары көбейе берсін», - деді Гүлбаршын Сиқымбекова.

Музыкалық жас көрермен театрында балалар мерекесі ертең де жалғаспақ. Сағат 15:00-де Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы қойылады.

Қойылым Нұр-Сұлтан қаласында тұратын қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ішкі істер органы қызметкерлерінің балаларына арналып отыр.

Балаларға арналған кешке Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты, Ұлттық Ұлан және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаменті қызметкерлері де қатысады.