MV Hondius круиз кемесінде екі Ұлыбритания азаматы хантавирус жұқтырған
АСТАНА. KAZINFORM - MV Hondius круиз кемесінде болған Ұлыбританияның екі азаматы хантавирус жұқтырды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Бұл туралы Ұлыбританияның Денсаулық қауіпсіздігі агенттігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, Ұлыбритания билігі халықаралық ұйымдармен бірлесіп, MV Hondius кемесіндегі британ азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемеде хантавирус ошағы тіркелгенін растаған.
Ресми дерекке сәйкес, екі британ азаматының вирус жұқтырғаны анықталған. Ал Тристан-да-Кунья архипелагында жүрген тағы бір азаматқа хантавирус жұқтырды деген күдік келтіріліп отыр.
Қазір кемедегі Ұлыбритания азаматтарының ешқайсысында ауру белгілері жоқ. Соған қарамастан дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Sky News мәліметінше, науқастардың бірі — 69 жастағы ер адам. Ол 27 сәуірде Оңтүстік Африка Республикасына жеткізіліп, Йоханнесбургте ем қабылдап жатыр.
Екінші науқас — 56 жастағы ер адам. Ол Нидерландқа эвакуацияланып, сол елде медициналық көмек алып жатыр.
Ұлыбританияның Денсаулық қауіпсіздігі агенттігі MV Hondius кемесі 10 мамырда Тенерифеге жеткен кезде британдық жолаушыларды арнайы өкілдер қарсы алатынын хабарлады.
Ауру белгілері байқалмаған жағдайда олар кейін арнайы рейспен Ұлыбританияға жеткізіледі. Елдің Сыртқы істер министрлігі жолаушылар мен экипаж мүшелері үшін тегін репатриациялық ұшақ ұйымдастырады.
Еліне оралған азаматтарға 45 күн бойы оқшаулану ұсынылған.
Бұған дейін 24 сәуірде Ұлыбританияның жеті азаматы кемеден Әулие Елена аралында түскені хабарланған еді. Олардың екеуі қазір Ұлыбританияға оралып, карантинде жатыр. Дәрігерлер олардан ауру белгілерін анықтамаған.
Айта кетейік, ғалымдар осыған дейін Еуропаның 29 елінде чикунгунья вирусының таралу қаупі бар екенін ескерткен болатын.