Мықтылығымды он еселеп дәлелдеймін - Куценко Шәріповамен өтетін реванш жайлы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейлік кәсіпқой боксшы Юлия Куценко реванш алдында өз стратегиясымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазірдің өзінде дайындықты бастап кеттім. Жуырда спарринг-сессиялар басталады. Тактикалық жұмысты тегеурінді түрде өзгертсем деймін. Аяқпен жылдам жұмыс істеу керек. Сонымен бірге, дене күші жағынан Фирузаны шаршы алаңда шаршатып алсам деймін», - дейді Юлия Куценко.
Айтпақшы, ресейлік бойжеткен бірінші айқаста жеңілмедім деген ойынан қайта қоймапты.
«Бірінші айқасымыз тең дәрежеде өрбігеніне сенімдімін. Бірақ, нақты соққылар жағынан өзімді жеңімпазбын деп есептеймін. Осы жолы өзімнің мықты екенімді он еселеп дәлелдеп, чемпион болғым келеді», - дейді ол.
Еске сала кетсек, Екатеринбургте 13-16 маусым аралығында өтетін Халықаралық бокс форумы аясында Фируза Шәріпова мен Юлия Куценконың көптен күткен реваншты кездесуі өтеді.
Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова ресейлік Юлия Куценкоға қарсы жекпе-жекті бірінші рет Санкт-Петербургте өткізген еді. Сол айқаста ол ресейлік қарсыласын жеңіп, WIBA чемпионы атағын жеңіп алған болатын.