«Мың алғыс» концерті: Зағип сәбидің еміне қажет қаражат артығымен жиналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ радиолары тыңдармандары туабітті суқараңғылық диагнозы қойылған 1 жасар Арманның еміне қажетті қаражатты артығымен жинап берді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақ радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, кеше елордада «Қазақ радиоларының» алғыс айту күніне арналған «Мың алғыс» қайырымдылық концерті өтті. Онда туабітті суқараңғылық диагнозы қойылған 1 жасар Арманның емі үшін арнайы көмек жәшіктері қойылған болатын.
«Қазақ радиосындағы "Жан жылуы" хабарының бүгінгі эфиріне Арманның ата-анасы шақырылып, "Мың алғыс" концертінде жиналған барлық қаржы табыс етілді. Концерт соңында сол жәшікке көрермендер салған қаржының жалпы сомасы 690284 теңге құрады. Сондай-ақ, белгілі дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы мен Шымкенттегі "Ернияз" компаниясының бас директоры Ербол Дайраш Арманның емі үшін 2 млн теңге аударған еді», - делінген Қазақ радиосының хабарламасында.