«Мың бала» жобасы ел бірлігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтатын шара - Е.Тоғжан

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мың бала» жобасы ел бірлігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтатын шара. Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын салтанатты түрде қорытындылау шарасында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжан осылай мәлім етті.

«Мың бала» жобасы ел бірлігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтатын шара - Е.Тоғжан

«Елбасының мемлекеттік тілге қатысты «Қазақстанның болашағы - қазақтың тілінде» деген қанатты сөзі бар. Шындығында, мемлекеттің тілі сол мемлекеттегі халықты ұйыстырушы фактор болуы тиіс. Екіншіден, Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың қоғамдық-саяси тіршілікке тікелей атсалысуға мүмкіндік туғызатын фактор. Сол тұрғыдан алғанда «Мың бала» жобасының арқалаған жүгі жеңіл емес. Оның үстіне Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтой жылына орайластырылып, бұл жобаны жүзеге асырған едік. Бұл ретте «Мың бала» деген шартты ғана атау. Өйткені, бұл жоба мың ғана емес, 245 мыңнан астам баланы қамтыды», - деді Е.Тоғжан. Оның айтуынша, «Мың бала» жобасы аясында 245 мың бала мемлекеттік тілді білуге ниет етіп қана қойған жоқ, оны еркін меңгеруге жетіп отыр. Соның ішінде бүгінгі қорытындылау салтанатына қазақ тілін жай біліп қойғаннан бөлек, мемелкеттік тілде шешендік өнерді меңгергендер, эссе жаза алатындар, тілдің терең мағынасын түсіне алатындар қатысып отыр. «Түйіндей айтқанда, «Мың бала» жобасы ел бірлігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтатын шара болып отыр. Тілегі бір, жүрегі бір әрбір қазақстандық тұтастай мемлекетіміздің мызғымас тірегіне айналып отыр. Соңғы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы да осыны көрсетеді, Мәселен, сол зерттеулер нәтижесінде қазақстандықтардың 97 пайызы өздерінің Қазақстан азаматы екенін мақтан ететіндіктерін айтқан. Бұның өзі елімізде тұтастай ұлттың бірлігі қалыптасқанын айғақтайды», - деді Е.Тоғжан. Сөз арасында ол бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болып жүрген 1927 басқа ұлт өкілдерінің азаматы мен 400-ден астам бала қазақ тілінде таза сөйлейтінін атап өтті. Мұның бәрі Елбасының сындарлы саясатының арқасында болып отыр. Еске сала кетейік, «Мың бала» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өтіп, ол ағымдағы жылдың ақпан айында басталып, республиканың барлық өңірлерін қамтыған болатын.