Мыңға жуық қазақстандықтар қолданбалы мамандықтар бойынша шетелдерде білім алуда - Қ. Келімбетов

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Мыңға жуық қазақстандықтар қолданбалы мамндықтар бойынша шетелдерде білім алып жүр.

Мыңға жуық қазақстандықтар қолданбалы мамандықтар бойынша шетелдерде білім алуда - Қ. Келімбетов

Бұл туралы бүгін өтіп жатқан «Қазақстандағы адами капитал: жағдайы және өсу жолдары» атты халықаралық ғылыми-конференцияда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2012 жылы қолданбалы мамандық алып қайтқан түлектер 2011 жылғымен салыстырғанда 23 пайызға көп. Дегенмен, биылдың өзінде техникалық кадрлардың өсімі 2011 жылмен салыстырғанда 93 пайызға көбейеді.

Сондай-ақ, оның атап өтуінше, қазір шетелдерде қолданбалы мамандықтар бойынша (техникалық, инженерлік, өндірістік және т.б.) 1 мың шамасында қазақстандық жастар оқып жатыр.

«Мұндай тенденция қазақстандық жастарды шетелдерде оқытудың мемлекеттік бағдарламасы негізінен техникалық мамандықтарға екпін беретінін білдірсе керек. Сондықтан еліміздегі кадр дайындау ісі де жаңа деңгейге көтерілуі тиіс», - деп атап өтті вице-премьер.