Мыңнан астам Қазақстан азаматтары бала асырап алу кезегінде тұр - Ж. Түймебаев
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды талқылау барысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы уақытта жетім балаларды асырап алғысы келетін Қазақстан азаматтарының саны артып келеді. Бүгінде ел азаматтары мыңнан астам жетім баланы өз отбасына алуға тілек білдірген. Өткен жылы 3 мыңнан астам жетім бала қазақстандық азаматтардың отбасына берілді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 271 балаға артық. Қазақстан азаматтарының бала асырап алуына байланысты бірқатар ерекшеліктер де бар», деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары жетім баланы асырап алғанда ең алдымен сәбидің денсаулығына көп көңіл бөліп, оның саулығына барынша мән береді. Екіншіден, тілек білдіргендердің басым бөлігі өз ұлтының баласын асырап алуды қалайды. Үшіншіден, асырап алушылар баланың жасына көбірек назар аударады. Төртіншіден, қазақстандықтар баланы асырап алғанда өзіне ұқсастарын таңдауға тырысады.