Мыңнан астам мүгедек кәсіпкер «Даму-көмек» бағдарламасы аясында көмек алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан мыңнан астам мүгедек кәсіпкер «Даму-көмек» бағдарламасы аясында көмек алды. Бұл туралы «Даму» қорының баспасөз қызметінен хабарлады.

Мыңнан астам мүгедек кәсіпкер «Даму-көмек» бағдарламасы аясында көмек алды

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға арналған «Даму-көмек» бағдарламасының аралық қорытындысын шығарды. Жыл басынан бері қазақстандық бизнесмендер тарабынан түскен 1400 өтінімнің 1080-нен астамы мақұлданды. Мақұлданған өтінімдердің саны бойынша Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарының мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлері көш бастап тұр», - делінген хабарламада.

Қордың хабарлауынша, «Даму-көмек» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандарды өз бизнесін ашуға ынталандырды. «Кәсіпкерліктің жедел курсы» бағдарламасы бойынша қашықтан оқып, «Бизнес-кеңесші» жобасы аяында бизнес құру әрі жүргізуді үйренуге және жұмыс табуға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, «Даму» қоры мүгедектерге қаржылай көмек көрсетпейді. Тек мүгедек кәсіпкерлер мен әлеуетті демеушілер арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарып, қажетті құрал-жабдықтар мен ілеспе материалдарды сатып алуға жәрдем береді.