Мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмасын шешкен М.Өтелбаев әлемдi мойындатуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмасын шешкен М.Өтелбаев өзiн әлемге мойындату жолында жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнiң баспасөз мәслихатында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәлiм еттi.
«Ол математиканың осы бағытында көптен берi жұмыс жасап келедi. Өтелбаев әлемдiк математика қауымдастығында өте беделдi ғалым болып табылады. Ендi оның шешкен жаңалығын жариялау керек, математикалық қауымдастықтың рецензиясын алып, оларды мойындату қажет. Сондықтан қазiр өтіп жатқан екiншi кезеңде ол ендi математикалық теңдеудi шешкендiгiн дәлелдеуi тиiс», - дейдi Е.Сыдықов.
Айта кетейiк, 2013 жылдың соңында астаналық профессор Мұхтарбай Өтелбаев «мыңжылдық проблемаларының» қатарына жататын ең күрделі жеті математикалық тапсырмалардың бірін шешкен болатын.
Оған дейін осындай жетістікке Пуанкаре гипотезасын дәлелдеген Григорий Перельман ғана қол жеткізген.
Профессор, ҚР ҰҒА физика-математика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Еуразиялық математика институтының директоры Мұхтарбай Өтелбаев «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін аяқтап, ашық басылымда жариялады. Қазiргi уақытта ол еңбек ағылшын тiлiне аударылуда.
Бұл еңбектің маңыздылығы сол, аталмыш проблема «мыңжылдықтың проблемасы» деп аталатын 7 ең күрделі математикалық есептердің қатарына енген. Айта кетейік, осы проблемалардың әрқайсысын шешуде Клэй математикалық институты 2000 жылдың басында 1 миллион АҚШ долларын бәйгеге тіккен болатын. Қазіргі уақытта мыңжылдықтың жеті проблемасының тек біреуі ғана (Пуанкаре гипотезасы) шешімін тапқан. Оның иесі - Григорий Перельман, ол Филдс сыйлығына ие болған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мұхтарбай Өтелбаевтың ғылыми қызығушылық саласына функционалдық анализ және оның қолданыстары, дифференциалдық операторлардың спектрлік теориясы, функционалдық кеңістік теориясы, есептеу математикасы, шекаралық есептердің жалпы теориясы кіреді.
Мұхтарбай Өтелбаев 2002-2005 жылдар аралығында «Алтын адам» байқауында («Ғылым» номинациясы бойынша «Жыл адамы») «Жылдың ғылыми қайраткері» атағының иегері атанған. Сондай-ақ ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, «Ғылым мен технологиялар» номинациясы бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сыйлығының лауреаты, 2004 ж. «ЖОО-ның ең үздік оқытушысы» ҚР БҒМ грантының иегері, ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.