Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабы Қытайда жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабы Қытайда жарық көрді. Енді қаламгердің белгілі кітабын көрші мемлекетте тұратын қазақтар да оқуға мүмкіндік алып отыр. Өйткені «Ақыл қалта» кітабы төте жазумен және біздің елде қолданылатын кейбір халықаралық сөздердің терминдері шетелдегі отандастармызға түсінікті ұғымда жазылды.
М.Кемелдің төте жазудағы «Ақыл қалта» кітабын баспаға дайындаған, сол арқылы екі ел арасындағы рухани байланыстың дамуына атсалысқан азамат - Шынжаң өлкесінің орталығы Үрімші қаласындағы Шынжаң халық баспасының аға редакторы Сімәділ Шүкенұлы.
Міне, енді Үрімші қаласынан қуанышты хабар келіп отыр. Оны Шынжаң халық баспасының аға редакторы Сімәділ Шүкенұлының өзі жолдапты. Ол өз хатында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабы Қазақстанда басылым көргеннен кейін, шетелде тұратын көзі қарақты оқырмандардың сұранысына, іздеп жүріп оқитын кітабына айналғанын жазады.
«Сондықтан бұл кітапты төте жазумен шығаруды жоспарладық. Сол мақсатты ойластыра келе, биылғы жылы қазақ мемлекетінің тәуелсіздік күніне орай 1500 таралыммен басылып шықты және оқырмандардың алқаулы кітабына айналып отыр»,-дейді Сімәділ Шүкенұлы.
Кітаптағы дүние халықтарынан шыққан ойшыл данышпандардың, кемеңгерлердің, адамзат ақыл-ойының жауһарлары жинақталып, сұрыпталып, адам тәрбиесіне, ізгілік қасиеттеріне жетелейтін ұнамды тұстары бұл туындының үлкен сұранысқа ие болуына және баспадан шығуына тікелей себеп болған.
Сімәділ Шүкенұлы өз хатын: «Жаһандану үрдісіндегі мәдениетті қалай түсіну, ұлт мәдениетін, дәстүрін қалай сақтап қалу жайында мұндағы қазақ оқырмандарына жол нұсқайтын «Ақыл қалта» кітабы әр қазақтың үйінде болуға тиісті кітап. Авторға кітапты төте жазумен шығарып, өрісін кеңітуге берген келісімі үшін рахмет айта отырып, ойға алған игілікті ісіміздің орындалғанын қуана хабарлаймыз. Бұл біздің тәуелсіздік мерекесіне қосқан үлесіміз! Құттықтаймыз!»,- деп Қазақ еліне деген ыстық сәлемімен және құттықтауымен аяқтапты.