Мырзахметов ауыз суға бөлінетін қаржының 180 млрд теңгесін үнемдеу жолын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бөлінетін қаржыны үнемдеу жолын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, «Қазсушар» кәсіпорнын магистралды су құбырлары желісін ғана емес сонымен қатар елді мекендердің барлық су құбырлары желісін салу және жаңғырту барысында бірыңғай оператор ретінде айқындау қажет. Өйткені, ол қажетті кадрлары, материалдық техникалық және жобалық-ғылыми базасы бар еліміздегі жалғыз ұйым саналады. Бүгінде онда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мамандандырылған техникаларының саны 1,5 мыңға жетеді.
«Бұл ең біріншіден, жұмыстардың жалпы құнын 717 млрд теңгеден 536 млрд теңгеге азайтуға, екіншіден, жобаның жүзеге асырылу мерзімін жыл сайын жоспарланып отырған қаржыландыру көлемі сақталған жағдайда 2022 жылдың соңына дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, су құбырлары жүйесін, әсіресе, коммуналдық меншікте тұрған және айтарлықтай материалдық-техникалық жабдықтауды қажет ететін жүйелерді тиімді пайдалану мәселесін шешеді», - деді министр.
Асқар Мырзахметовтің пайымынша, мұндай шешім сапалы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеудегі өзекті мәселелерді де шешетін болады.
«Өткен жылы бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардыің дәне облыс әкімдіктерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Оның міндетіне сумен жабдықтау нысанын салу және қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасының шығыстарын оңтайландыру кірді. Жұмыс тобы ауылды сумен жабдықтаудың 133 жобасы бойынша 5 млрд теңгеден астам шығысты оңтайландырды», - деді министр.