Мырзалин ақмолалық олимпиадашыларға сәттілік тіледі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей тапсырмасымен Алматы қаласындағы AIBA бокс академиясында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII қысқы олимпиада ойындарында баратын республика ұлттық құрамасы сапындағы ақмолалық спортшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мырзалин ақмолалық олимпиадашыларға сәттілік тіледі

Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина мен спортшылардың жанкүйерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Надежда Патюткина облыс басшысы Мәлік Мырзалиннің жеделхатын оқып берді. Онда «Сіздерге шынайы спорттық жетістік, жоғары көрсеткіш және үлкен жеңіс тілеймін. Біз сіздерге сенеміз!», - деп жазылған жеделхатта.

Баспасөз мәслихаты барысында спортшылар өздерінің дүбірлі дода алдындағы көңіл-күйдері мен дайындықтары жөнінде айтып берді.

«Шынымен де, ел намысы ортаға салынатын жарыста жанкүйерлеріміздің жылы сөздері мен шынайы тілектері біз үшін маңызды. Біздер үшін бүкіл республика, оның ішінде Ақмола облысы халқының қолдау білдіріп отырғаны белгілі. Сондықтан, намысты қолдан бермеуге тырысамыз», - деді биатлоннан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Валерий Польховский өз сөзінде.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, байрақты жарыс 9-25 ақпан аралығында өтеді. Онда әлемнің 92 елінен жиналған 2 500 атлет қысқы спорттың 15 түрі бойынша 102 жиынтық медальді сарапқа салады. Қазақстандық спортшылар іріктеу бәсексесінде ұтып алған 57 олимпиада жолдамасына сәйкес спорттың 9 түрі бойынша сынға түспекші. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасы сапында ақмолалық 6 спортшы ел намысын қорғайтын болады. Олардың арасында биатлоншы Алина Райкова, Роман Ёремин, Тимур Хамитгатин және шаңғышылар Евгений Величко, Валерия Тюленева, Денис Волотка бар.