Мырзашөл қайтадан шөлге айналмауы үшін тиісті шаралар атқару қажет - Р. Халмұрадов

Депутаттың айтуынша, Мақтаарал ауданы Қазақстандағы халқы саны жағынан ең үлкен аудандардың бірі, онда 300 мыңға жуық адам тұрады. Ал соншама жұрттың бірден-бір күнкөрісі - суармалы жерден маңдай терімен алған өнімі. Ауданда еліміздегі экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылық өнімдерінің ішінде бидайдан кейін мақта өндіріледі.
«Кеңес өкіметі уақытында аудандағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты тұзды сулардың бір деңгейде болуын қамтамасыз ету мақсатында тік дренажды ұңғымалар (842) құрылып, олар тұрақты жұмыс істеп тұрған. Өкінішке қарай, қазір бұл ұңғымалар істен шығып, оларды қайта қалпына келтіруге қаржы тапшы болып тұр. Соның салдарынан егістік жерлер құнарсызданып, тұздануы орын алуда», деді депутат. Оның айтуынша, біраз жыл бұрын Дүниежүзілік Даму Банкі мен Азия Даму Банкі арқылы несие есебінен 218 тік дренажды ұңғымалар қалпына келтірілген. Дегенмен, бұларға да 2001 жылдан бері іске қосылмай, тиісті күтіп-бақылау жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан кейін іске қосылған ұңғымалар да қайтадан жұмысқа жарамсыз болып отыр. «Аудандағы барлық тік дренажды ұңғымаларда кезең-кезеңмен күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілу жоспары қарастырылса екен. Бұл бойынша 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен аталған жобаларға 4 млрд. 912 млн. теңге қаржы бөлінгені жөн. Әйтпесе, бір кездері Мырзашөл деп аталған бұл өңірде аудандағы тік дренажды ұңғымалар, қашыртқы жүйелер іске қосылмаса, қайтадан шөлге айналу қаупі бар», деді Р. Халмұрадов.