Мырзатай Жолдасбеков пен Майра Мұхамедқызы көппен бірге диктант жазады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінен алғаш рет өткізілетін «Жалпыхалықтық диктантты» елімізге танымал қоғам қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары да елмен бірге жазатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 14 қарашада, сағат 11.00 - 11.30 аралығында республика бойынша латын графикасы негізінде «Жалпыхалықтық диктант» өтетінін хабарлаған болатынбыз.
«Шараның мақсаты - жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін іс жүзінде меңгеруге дағдыландыру. Диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға болады. Акцияның ұзақтығы - 30 минут.
Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жалпыхалықтық акцияға кімдердің қатысатынын хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өтетін диктантқа белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қазақстандық әртістер Майра Мұхамедқызы, Тұрар Әліпбаев, Нұрболат Арзамас, Бақтияр Адамжан, ақын-жазушылардан Несіпбек Айтұлы, Роза Мұқанова, Қонысбай Әбілов, спортшылардан Серік Ақтаев, Айбек Оралбай, Әйгерім Әбілқадырова, Талғат Зарубеков, Ринат Секназаров, тележурналистер Ләйла Сұлтанқызы мен Қанат Әуесбай және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
Қажетті ақпаратты emle.kz, tilalemi.kz сайттарынан алуға болады.
Фото: shalkarfm.kz