Мысыр археологтары ежелгі 17 мумияны тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысыр археологтары Каирдан оңтүстікке қарай 250 шақырым қашықтықта орналасқан Эль-Минья провинциясынан жақсы сақталған ежелгі мумияларды тауып алды, деп жазады bbc.com сайты.
Ежелгі жерлеу орындары жер астында шамамен сегіз метрлік тереңдікте орналасқан. Қабір ішінен мумиялармен бірге әктас пен саздан жасалған саркофагилер, жануарлар қалдықтары, ежелгі мысыр жазуымен жазылған папирустар табылды.
Мумиялардың нақты жасы анықталған жоқ. Каир мемлекеттік университеті археология факультетінің деканы Мохаммед Хамза олардың Мысырдың грек-рим дәуіріне сәйкес келетіндігін айтты.
Айта кетейік, бұл дәуір Александр Македонский б.д.д. 332 жылы елді жаулап алғаннан кейін шамамен 600 жылға созылды.