Мысыр Батыс Африкадағы Эбола безгегіне байланысты карантиндік бақылауды күшейтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каир халықаралық әуежайында Батыс Африкадағы Эбола безгегі індетіне байланысты карантиндік бақылау едәуір күшейтілді. Елдің басты әуежайының өкілдері сенбі күні хабарлағандай, мұндай шаралар қатерлі аурудың Мысыр аумағына еніп кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Әуежайдың карантиндік қызметінің директоры Имад әл-Хашимидің айтуынша, Сахараның оңтүстігіндегі елдерден келіп жатқан барлық жолаушылар толық тексеруден өткізілуде. Оның мәліметінше, аурудың алғашқы белгілері тұмаумен ұқсас болады, сондай-ақ, адам әдеттен тыс шаршап, дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендейді.
Мысырдың денсаулық сақтау министрлігі елде Эбола безгегінің жоқтығы туралы ресми түрде мәлімдеді. Алайда, мамандардың пікірінше, Мысырға Гвинея, Сьерра-Леоне, Нигерия және Либерия сияқты елдерден келетін иммигранттардың көбеюіне байланысты мысырлықтар аталған ауруларға ұшырамауына кепілдік жоқ. «Біз барлық қауіпсіздік шараларын жасап, аурудың ел аумағына өтпеуін қамтамасыз етуге тиіспіз», - дейді Мысырдағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Баха әл-Куси.
Айта кетейік, вирус бүгінге дейін 729 адамның өмірін қиды. Барлығы 1300 адам осы індетке ұшырағаны тіркелген. Науқастардың 90 пайызы ажал құшуы мүмкін, әзірге бұл көрсеткіш 55 пайызға жетті. Аурудың ошағы барлық науқастардың 70 пайызын құраған Сьерра-Леоненің шығысы, Гвинеяның оңтүстігі және Либерияның солтүстік аймақтары болып отыр.