Мысыр елдегі төңкеріс құрбандарының санын анықтады

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - "Мысырда 18 күнге созылған үкіметке қарсы жаппай көтерілісте орын алған қақтығыстарда кем дегенде 365 адам құрбан болды", - деп хабарлайды РБК Associated Press сілтеме жасай отырып.

Мысыр елдегі төңкеріс құрбандарының санын анықтады

Бұл сан Мысыр Денсаулық сақтау министрлігінің баяндамасында келтірілген және алдағы уақытта құрбан болғандардың саны бұдан да артуы мүмкін делінген.

Тәртіпсіздіктер барысында түрлі әлеуметтік және әртүрлі жастағы топтарға жататын шерушілер 1981 жылдан бері ел президенті лауазымында отырған Хосни Мубарактың отставкаға кетуін талап етті.

Олардың талаптары қанағаттандырылып, билік әскери кеңеске өтті. Алайда, Мысыр астанасы - Каирде болған наразылық шеруінің соңғы күндері оппозициялық шерушілер мен билік жақтаушылары арасындағы қанды қақтығысқа ұласқан болатын.

Осы қақтығыстар салдарынан кем дегенде 10 адам құрбан болып, жүздеген адам жараланды.

Жаңа билік елдегі жағдайды қалыпқа келтіріп, Мысырға туристерге есік ашуға тырысуда. Туризмге қолайлы елдің беделін қалпына келтіру үшін ресми Каир туристік компанияларға чартерлік рейс ұйымдастыруға өтемақы төлеуге, ал туристерге қонақ үйлерде төмен баға және сапалы қызмет көрсетуге уәде беріп отыр.